Хабар телеарнасы

Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін қолдайды

Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін қолдайды. Еліміз антиядролық қозғалыстың алдыңғы шебінде – Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құрды. МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкі Қазақстанда орналасқан. «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабылданды, ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт та бекітілді», – деп атап өтті Президент.

Сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары конференциясын өткізу – Қазақстан ұсынған бастамалардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы ұжымдық көзқарас алаңы ретінде осы жиынды шақыруды ұйғарған. Енді Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен конференция қауіпсіздік пен даму ұйымына айналуы мүмкін. Еліміз Сириядағы дағдарысты шешуге де үлес қосып қосып келеді. Астана процесінің 13 раунды өтіп, Таяу Шығыс мемлекетінде қауіпсіз аймақтар құрыла бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мамыр айында Қазақстанда халықаралық ұйымдардың жаңа ғимаратын аштым. Онда БҰҰ-ның 16 агенттігі бар. Келесі қадам ретінде біз Орталық Азия мен Ауғанстанға көмек беру мандатымен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары орталығын осы ғимаратқа орналастыруды ұсынамын.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия Президентімен кездесті

Сондай-ақ Президент бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Президенті Саломе Зурабишвилидің кездесуінде сауда-экономикалық инвестициялық және көлік-логистика салаларында өзара іс-қимылды кеңейту қажеттігі айтылды. Қазақстан Грузиямен достық қатынасты дамыту, саяси диалогты тереңдету, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор мән береді. Ақтау және Құрық порттарын пайдаланып, екіжақты жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік зор. Грузияның инвестициялық және көлік-логистикалық жобаларына Қазақстан қомақты капитал құйып келеді.

Президент Владимир Зеленскиймен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен де кездесті. Тараптар бір-бірін өз мемлекеттеріндегі ең жоғарғы лауазымға сайлануларымен құттықтады. Мемлекет басшысы екі елдің тарихи тамырластығын атап өтті. Сондай-ақ Украинамен арадағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Қ.Тоқаев Иордания королі ІІ Абдалламен кездесті

Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесуде тараптар ынтымақтастық мәселелерін талқылап, екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен перспективаларына тоқталды. Түрлі салалар бойынша тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендерін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Иорданиямен арадағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге әзір екенін жеткізді. Сондай-ақ Президент ІІ Абдаллаға Қазақстанның дінаралық диалогты нығайту бастамаларын үнемі қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен де кездесті. Тараптар халықаралық бірлестіктің 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын талқылады. Оларды жүзеге асыруға Қазақстан дайын. Өзара іс-қимылдың маңызды бөлігі ретінде бітімгершілік миссиялар аталды. Әлемдік саясаттың өзекті мәселелері де талқыланды. Антониу Гутерриш Алматыда БҰҰ-ның 16 өкілдігін біріктірген ғимараттың ашылғанына алғыс білдірді.