Хабар телеарнасы

Үкімет отырысында бірқатар мәселе талқыланды

Қазір 33 мыңдай адам өз ісін жүргізудің қыр-сырын оқыды. Бұл жайлы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. Бағдарламаның арқасында халық кәсіп ашып, нәпақасын тауып отыр. Ол үшін мемлекет арнайы гранттар мен төмен процентпен несиелер беруде. Биыл несие беруге бөлінген қаржы 2017 жылдағыдан екі есе артқан. Бірақ қаржының жартысы ғана игерілген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Бұл – Елбасы мен Мемлекет басшысының алға қойған басты міндеттердің бірі. Осы жұмыстың жақсы нәтижелерін көріп отырмыз. Биылдың өзінде 5 мыңнан астам азамат өз ісін ашып, 8,5 мың жұмыс орнын құрды. Адамдар жәрдемақы мен көмекті сұрамай, мемлекеттің қолдауымен өз бизнестерін ашып жатқанын көрсетеді. Дегенмен жылдың аяқталуына 4 ай ғана уақыт қалды. Ал шағын кредитті беруге бөлінген 82 млрд теңгенің 50% ғана игерілген. Бұл жерде Маңғыстау, Алматы облыстары мен Шымкент қаласы артта қалып отыр. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Атамекен» ҰКП бірге екі апта мерзімінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында шағын кредит беру бойынша жағдайды талдап, ұсыныстар енгізуді тапсырамын.

Жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды.

«Қыста қазақстандықтар тоңбайды», – деп мәлімдеді Үкімет отырысында жауапты ведомство өкілдері. Бірақ кей өңірлердің жылыту маусымына дайындығы сылбыр. Мысалы Павлодар облысы мен Алматы қаласында қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі бітпеген. «Кестеден ауытқу жылыту маусымын бастауға кедергі болмайды», – дейді ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов. Оның айтуынша, еліміз жалпы жылыту маусымына 90% дайын. Асқар Мамин облыс әкімдеріне көмір тапшылығына және бағаның өсуіне жол бермеуді тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Әкімдер жоспарланған жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етіп, қажетті көлемдеге отынды алдын ала жеткізуді қамтамасыз етсін. Ішкі нарықта бағалардың өсуіне және көмірдің тапшылығына жол бермеу мақсатында өңірлердің әкімдері екі апта мерзімде көмірлерді дайындайтын және оны сататын пунктердің қазіргі жай-күйін, жеткізу графиктерін, көмір бағасының негізде болуын және оның сапасын белгіленген тәртіппен тексерулері қажет.