Хабар телеарнасы

Асқар Мамин Алматы облысындағы өндіріс орындарының жұмысымен танысты

Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорында жылына 100 мың тоннаға жуық өнім шығарылады. Ол Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытай сынды көрші елдерге экспортталады. Зауыт 200-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ашылуына Премьер-Министр Асқар Мамин қатысты.

Іле ауданында орналасқан зауыттың ашылу салтанатына Премьер-Министр Асқар Маминмен бірге «Лукойл» компаниясының президенті Вагит Алекперов қатысты. Осы уақытқа дейін «Лукойл» компаниясы еліміздің көмірсутек секторына 9,5 млрд доллар инвестиция салған. Енді жаңа зауыт мұнайды терең өңдеуге мүмкіндік береді.

Бауыржан Сартбаев, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

- Бүгінгі күні осында 200-ден артық тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл зауытта жыл сайын 100 мың тоннаға жуық өнім шығарылады. Ол өнімді Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Батыс Қытай сынды көршілес елдерге шығарады. Бұл жобаға «Kazakh Invest» компаниясы инфрақұрылым тарту мәселесіне және нысанды пайдалануға беру саласында көмек көрсетті.

Өндірістің Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік магистраліне жақын орналасуы логистикалық процестерді жеңілдетіп отыр.

Андрей Матюхов, ЖШС бас директоры:

- Өндіріс көлемін жылына 130 мың тоннаға дейін жеткізе аламыз. Зауытта майлау материалдарының 800-ге жуық түрі шығарылады. Бұл біздің тұтынушыларымыздың сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді.

Салтанатты шара барысында Премьер-Министрдің қатысуымен «Лукойл» ЖАҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасында «Қазақстан Республикасының аумағындағы учаскелерді бірлесіп зерттеу туралы» келісімге қол қойылды.

Жетісу өңірі – алма өсіруге қолайлы жер. Үкімет басшысы «Amal Bio» интенсивті бағында болды. Фермерлер әр гектардан 70-80 центнерден өнім жиған. Былтыр 2 мың тоннадан астам алма Ресейге, Біріккен Араб Әмірліктері мен Моңғолияға экспортталған. «Адал» агроөнеркәсіптік компаниясының жүгерісі де бітік шығыпты. Компания биыл 10 мың тоннадан астам жүгері дәнін алуды жоспарлап отыр. Жем-азығы жақсы болса, сүт мол болады. Ал цифрлық технологиялар сапалы өнім алуға мүкіндік береді. Артылғанын көрші елдерге де сата бастаған.

Серік Смаилов, агроөнеркәсіптік компанияның бас директоры:

- Жақында ғана Өзбекстанның Нүкіс қаласына 100 тонна сүт өнімдерін саттық. Тамыз, қыркүйек айларында 100 тонна майды Ресейге жөнелттік. Биыл 10 мың тоннадан астам жүгері дәнін аламыз деген жоспарымыз бар. Былтыр 9 мың тоннадай жинап едік. Оның 7800 тоннасын Өзбекстан мен Тәжікстанға саттық. Биыл Иран мен Ауғанстан қызығушылық білдіріп отыр.

Премьер-Министр G4 City жобасының іске асырылуымен танысты. Қазір бұл жерге қажетті инфрақұрылымдар жүргізілген. Асқар Мамин «Empire Food» компаниясының ет өңдеу комбинатында да болды. Кешен жыл басында индустрияландыру картасы аясында ашылған. Әуелде бұл 3 мың бас ірі қара бордақылайтын алаң еді. Енді сиыр етін терең өңдеуді қолға алып отыр. Мұнда жылына 8 мың тонна ет өнімі мен 12 мың банкі бұқтырылған ет шығарылады. Асқар Мамин Алматы облысына жұмыс сапарын «Хамле» компаниясында аяқтады. Кондитерлік компанияда қазір 800-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын алдағы уақытта өндірістік роботтарды қолданысқа енгізіп, жұмысшыларын жаңа технологияларға үйретуді көздеп отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов