Хабар телеарнасы

М.Әбләзовтің 7 бірдей сыбайласына сот үкімі шықты

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің басшысы Сергей Перов айтты. Сот отырысы осы жылдың 23 тамызында Алматы қаласындағы Медеу ауданының №2 сотында болған. Жеті сыбайластың үшеуі Артур Трофимов, Максим Хаблов, Анар Әбдіқайымова есімді Ресей азаматтары, біреуі – Ержан Қадесов есімді Украина азаматы және үшеуі қазақстандық Анатолий Погорелов, Валерий Налобин және Зәуре Жүнісова. М.Әбләзовтің сыбайластары бірауыздан шетелде күндерін көре алмай, қиын жағдайда қалғанын айтқан. Тіпті өзге елде көше сыпыруға мәжбүр болса, енді бірі ұсақ қылмыс жасап күн көрген. Департамент басшысының айтуынша, М.Әбләзовтың ісіне барлығы 100 адамның қатысы бар. Соның 52-не сот үкімі шығарылған. Ал 18-і әлі іздеуде жүр. Агенттік қашқын банкирдің сыбайластарын өз еркімен елге келуге шақырды.

Сергей Перов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің басшысы:

- Үкім шығарған кезде олардың өз еркімен оралғаны, кінәсін толық мойындағаны және өкінгені ескерілді. Одан бөлек сот олардың қылмыстан ешқандай материалдық пайда көрмегенін де ескерді. Тек қылмыстық топтың басшысы М.Әбләзовтің тапсырмасын ғана орындаған. Қазір біз М.Әбләзовтің әрбір сыбайласының қылмыстық сызбада қандай рөл атқарғанын жақсы білеміз. Оның мына адамдарды қалай пайдаланып кеткені де бізге аян. Сондықтан өз еркімен елге оралғандар, тергеуге көмектесіп, айыптыларды анықтауға жәрдем еткендер бас бостандығынан айырылмайды. Оларға тек айыппұл салынады немесе шартты түрде сотталады.