Хабар телеарнасы

Алматыда мектеп оқушылары менингитке шалдықты

Балалар қазір ем қабылдап жатыр. Ал олардың сыныптастары дәрігерлердің бақылауында.

Алматының М.Әуезов ауданында орналасқан мектеп-гимназияның басқа білім ордаларынан еш айырмашылығы жоқ. Жалпыға бірдей стандартпен жұмыс істеуде. Оқушылар екі ауысымда білім алады. Оқу жылының басталғанына көп болған жоқ, бір сыныптағы екі бала бірінен кейін бірі ауырып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Мектеп директорының айтуынша, екі бала да өзін жайсыз сезінгені жайында айтпаған. Қазір мектепте карантин жарияланды.

Ботагөз Жалибаева, мектеп-гимназия директоры:

- Бізде әр кабинетте екі сынып оқиды. Сондықтан екінші сыныпты басқа сыныпқа ауыстырдық. Ал аталған кабинетте ауысым арасында және кешкі сабақтан кейін біз кварцтық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бізде әр кабинетте кварц аппараты орнатылған. Сондықтан бізде әр маусымда аурулар өршіген кезде немесе басқа да жағдайда кесте бойынша әр кабинетте кварцтық жұмыстар жүргізіліп отырады.

Санитарлық бақылау қызметі өкілдерінің айтуынша, менингит күз мезгілінде жыл сайын тіркеледі. Ауруды қоздырушылар ашық су қоймаларында, жуылмаған көкөністерде көп кездеседі. Маусымаралық ауа райының құбылуы да вирусқа әсер етпейді. Кейде ауру шетелде демалған қазақстандықтармен бірге келетін жағдай да болады. Биыл еліміздегі менингит жұқтырғандардың саны былтырғымен салыстырғанда көбейген.

Айзат Молдағасымова, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

- Биыл менингит жұқтырған 205 жағдай тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда 22% көп. Ауру жұқтырғандардың көбі – оқушылар. Менингиттің бір түрімен ауырған 46 адамның 87% оқушылар.

Дәрігерлер жыл өткен сайын көбейіп бара жатқан вирусқа қарсы алдын ала екпе егу қажет деген пікірде. Алайда міндетті екпелер тізіміне жатпайтындықтан, ол ақылы түрде жасалады. Бағасы да арзан емес.

Айзат Молдағасымова, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

- Бізде менингококқа қарсы екпе ақылы түрде жасалады. Алайда бірінші кезекте түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Балалармен бірге демалуға барғанда ата-ана  суға шомылу менингитке әкелуі мүмкін екенін білу керек.

Қазір қаладағы жағдай эпидемиологтардың жіті назарында. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында вирусты жұқтырмау үшін не істеу керектігі жөнінде ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Менингит белгілері жедел жұқпалы инфекциялық ауруларға ұқсайтындықтан, дәрігерлер өзін жайсыз сезінген жандарға тез арада дәрігерге жүгіну керектігін айтады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев