Хабар телеарнасы

Синтетикалық есірткі ел нарығын жаулап алды

Қазақстан – есірткі тасымалының күре жолында жатқан ел. Сондықтан арнайы қызмет өкілдері сырттан төнген қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шараларды атқарып жатыр. Дейтұрғанмен қылмыстық топтар түрлі жымысқы әрекеттер жасап, есірткінің саудасын қыздырған.

Бұл – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресейлік әріптестерімен бірлесіп жүргізген операциясы. Халықаралық іс-шараның нәтижесінде Алматы облысында есірткі жасаумен айналысқан зертхананың жұмысы әшкереленіп, қылмыстық топ қолға түсті.

Абзал Мырзабаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығының орынбасары:

- Бұл тұлғалар біздің назарымызға жедел іздестіру шараларының барысында Ресей аумағынан бір тоннандан астам есірткі құралдарының компоненттеріне тапсырыс берген кезінде назарға ілікті. Тауардың дайын бөлігі Алматы қаласында қара нарықта сатылуға әзірленген. Сонымен қатар Ресейге қайтадан поштамен жолданбақ болған.

Риат Шони, тілші:

- Синтетикалық есірткілер негізінен ғаламтор желісі арқылы саудаланады. Сатушы мен сатып алушы WhatsApp немесе Telegram мессенджері арқылы бір-бірімен байланысып, қажетті тауарға тапсырыс беріледі. Кейін онлайн төлем жасалынады. Ақша түскеннен кейін, сатушы тауардың қай жерде жатқандығы жайлы мәліметті береді. Яғни ешкім бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Барлық іс белгісіз ара қашықтықта атқарылады.

Ол үшін есірткіні белгілі жерге жеткізетін үшінші тұлға тартылады. Осындай қызметті атқарғандардың бірі – Әлібек Әбенов. Заңсыз іс-әрекеті үшін 10 жылға темір торға тоғытылған.

Әлібек Әбенов, жазасын өтеуші:

- Мен бұл іспен айналысқанда өзге адамдарға қиянат көрсетіп жатырмын деп ойлаған жоқпын. Қазір жасағанымның барлығы дұрыс еместігін түсіндім. Бәлкім мен біреудің отбасының шырқын бұздым, мен таратқан заттарды біреудің балалары пайдаланып, опат болған шығар. Қатты өкінемін.

Есірткі саудасы қызған сайттар қазір ғаламтор желісінде толған. «Олардың иелерінің мекенжайын анықтау өте қиын», – дейді мамандар. Себебі дилерлер қолданатын интернет «дарк нет» деп аталады. Нақтырақ айтқанда, сайт иесі мүлдем басқа елде отыруы мүмкін.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма басшысының орынбасары:

- Біз оларды көрмейміз. Көбіне IP адресі басқа Португалия немесе Ресейдің арғы жақ шетінде болуы мүмкін. Жыл басынан бері 4,5 мың сайт бұғатталды. Бір мыңнан астам графитилер өшірілді. Сайттардың сілтемелерін арнайы құзырлы органдарға жібереміз. Олар үш күннің ішінде бұғаттайды.

«Синтетикалық есірткілерді пайдалану мен оның саудасымен күресу үшін қолданыстағы заңды өзгертуге тура келді», – дейді мамандар. Нақтырақ айтқанда, нарықта пайда болған психотроптық заттар тыйым салынған тізімде жоқ болған. Сол себепті тәртіп сақшылары есірткінің жаңа түрімен күресуге заң жүзінде қауқарсыз болыпты. Енді тиісті өзгертулер енгізіліп, заң биылғы жылдың шілде айында күшіне енді.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма басшысының орынбасары:

- 380 астам тізімнің ішінде қосымша 89 жаңа түрі енгізілді. Нарықта пайда болған жаңа есірткі түрлерін тез арада анықтап, тізімге енгізіп, жауапкершілікке тартуға мүмкіндік алып отырмыз. Нақты айтатын болсақ, мысалы химиялық сараптама тағайындаған кезде, ол зат есірткі болып табылмайды немесе аналогы емес деп береді.

Өйткені қылмыскерлер синтетикалық есірткілердің химиялық құрамын жиі өзгертіп отырады. Осылайша нарықта психотропты заттардың жаңа түрлері пайда болады екен.

Руслан Шарипов, Сот-сараптамалық институтының химиялық-биологиялық зерттеулер зертханасының меңгерушісі:

- Әлем бойынша аптасына синтетикалық есірткінің 10 жаңа түрі шығарылады. Қазақстанда мұндай жиілік байқалмайды. Бірақ психотропты заттардың жаңа түрлері кезігіп жатады. Ел ішінде көп тараған түрлері: Альфа-ПВП, спайс, мефедрон. Сараптама жүргізу үшін біз оны молекулярлық деңгейде зерттейміз. Кем дегенде 40 минут уақыт кетеді.

Жалпы есірткі мен психотропты заттарды жасағаны, пайдаланғаны және сақтап таратқаны үшін азамат 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ барлық мүлкі тәркіленеді. «Бұл заңды елемейтіндермен күресу үшін мамандар жауапкершілікті күшейту қажет», – дейді.

Айсана Сман, заң ғылымдарының докторы:

- Синтетикалық есірткі адамның денсаулығына қатты әсер етеді. Егер табиғи болса басқаша, ал синтетика мүлдем басқаша әсер етеді. Онымен күресу үшін мемлекет осы мәселеге көп көңіл бөлу керек. Қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажет.

Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткілердің беретін әсері қарапайым марихуана мен анашадан 10-15 есе қаттырақ. 3Д форматта галлюцинациялар болып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. Яғни суицид.

Авторлары: Риат Шони, Мейрамбек Ахмаханов, Бекболат Базаров, Серік Қоңырбаев, Анель Абдимова