Хабар телеарнасы

Қазақстандық каратэшілер әлемдік рейтингте үздік үштікке енді

Соңғы 5 жылда елімізде каратэ ерекше дамытылуда. Жақында Президент өз Жолдауында жастарды жаппай спортқа жұмылдыру қажеттігін айтты. Тіпті осы ретте кешенді жоспар құрылмақ.

Бұрын Қытай мен Жапон фильмдерінен тамашалайтын ұрыс сәттері қазір таңсық емес. Қазақ балалары бокс бәсекесінен бөлек, каратэден де әлемде жүйрік шығып жүр.

Балалардың өзі каратэге әуес. 5-7 жасынан бастап татамиде жүрген жеткіншектер де бар.

Ерслан Орынбасаров, каратэші:

- Мен өзіме, ұтатыныма сенемін, сондықтан қорықпаймын. Себебі мен осы тренерларымыз сияқты чемпион болғым келеді.

«Икем мен ептілік, шыдамдылық пен шапшаңдық былай тұрсын, психологиялық ұтқырлық керек. Адамның ойы түгілі, қол-аяғын қайда сермейтінін алдын ала көзінен ұғыну қажет», – дейді киокушинкай-каннан әлем чемпионы Айбек Аманов.

Айбек Аманов, каратэші, әлем чемпионы:

- Үлкендерді сыйлау және оларды құрметтеу, үлкендерге қол жұмсамау сияқты дисциплинаға кішкентай кезімізден үйретеді.

Қазір Қазақстанда спорттық каратэмен 20 мың астам қазақстандық айналысады. Ал әуесқой каратэшілер саны жетіп артылады. 1980 жылдарда елімізде кратэге тиым салынса, қазір оны дамытуға тіпті қаржы бөлініп отыр.

Сайрамбек Ербатырұлы, республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясы президентінің орынбасары:

- Бұл спорт түрі Қазақстанда жалпы бұқаралық спорт түрі болып есептеледі. Мемлекеттің арқасында жақсы қаражат бөлініп, жаңа заң келді.

Қазақстандық каратэшілер кей додада ешкімге дес бермейтін жапон спортшыларына да есесін жібермейді. Қазір жалпы әлемдік рейтингте Жапония, Қазақстан, Ресей каратэшілері көш бастап жүр.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Каратэ сөзі жапон тілінен аударғанда «қарусыз қол» деген мағына береді. Спорттық жекпе-жектің бұл түрінде дене дайындығынан бөлек, әдіс-айла, сұңғыла шеберлік, рухтың мықтылығы да керек. Осыны меңгерген қазақстандық каратэшілер әлемдегі ең үздік үштікке кіріп отыр.

Александр Журавлев, каратэнің ашихара түрінен бас бапкер:

- Біздің каратэшілер жақында әлем чемпионатында Ресей, Украина, Голландия мен Венгрияны артқа тастап, 6 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль иеленді. Командалық есепте 1-орынға шықтық.

Сайрамбек Ербатырұлы, республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясы президентінің орынбасары:

- Біздің спортшыларымыз ашық Еуропа чемпионаттарында жүлделі орындар алып, жетістіктерге жетіп жатыр. Әлем чемпионатында Қазақстан үшінші орынға жетіп, үздік үштікке табан тіредік.

Биыл киокушинкай-кан каратэ федерациясы спортшыларды далада жаттықтырды. 70 шақты киокушин шебері ормандағы арнайы лагерьде шынықты.

Спортшылардың табиғат аясында жаттығып жүргендері тегін емес. Биыл желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әлем чемпионатына іріктелген 30 спортшы каратэ киокушинкайдан ел намысын қорғайды.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин