Хабар телеарнасы

Шамалғандағы автокөліктерге арналған көпір құрылысы келесі жылы басталады

Ал оған дейін теміржол төңірегі мен республикалық маңызы бар күре жол айналасы сараптамадан өткізіледі.

Жергілікті тұрғындар «өлім өткелі» деп атап кеткен осы жерден күн сайын 15 мыңға жуық автокөлік ерсілі-қарсылы жүйткиді. Ал поезд өтетін кезде көлік нөпірі тежеліп, кептеліс салдарынан келеңсіз оқиғалар жиі болады. Өзекті мәселені ауыл тұрғындары үнемі айтумен, тиісті мекемелерге шағымданумен келеді. Қайғылы оқиғадан кейін тұрғындардың талап тілегін тыңдау үшін мұнда аудандық және облыстық әкімдік өкілдері келді.

Сәуле Бұғыбаева, ауыл тұрғыны:

- Бұл оқыс оқиғаның болған себебі тәртіпке де байланысты шығар. Егер сол жерде тәртіп сақталса, ол оқиға болмас еді. Бұл жерде адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасын көруге болады.

Бұл мәселені сараптау үшін арнайы комиссия құрылады. Оның құрамында әкімдік қызметкерлерінен бөлек, «Қазавтожол» мен «Қазақстан теміржол» мамандары болады. «Ал өткелден өтетін негізгі көпірдің орнын анықтау жұмыстары жуық арада басталады», – деді облыс басшысының орынбасары.

Бағдат Мәнізоров, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

- Мамандар зерттеу үстінде. Мына жерден көпір салатын болсақ, көліктер қай жерден өту керек? Көпір салу үшін бірінші басқа өткел жасау керек. Сондықтан бірінші тұрғындармен шешіп алу керекпіз. Ол да ертең халыққа зиянын келтірмеу керек.

Жаңабай Қобыландин, «Қазавтожол» ҰҚ АҚ Алматы облыстық филиалының басшысы:

- Жол теміржол үстінен өтеді. 11 500-ден астам машина осы республикалық маңызы бар жолмен жүреді. Алматы 1 – Шамалған – Ұзынағаш жолымен жүретін көліктерді қай жаққа ауыстырамыз? Сол үлкен мәселе болып тұр.

«Қауіпті өткелден бөлек, ауылдың ішкі көшелері мен инженерлік жүйелері жөндеуді қажет етеді», – дейді тұрғындар. Сонымен қатар шамалғандықтар жол-патрульдік полиция қызметінің жұмысын қатты сынға алды. Өйткені кешкі кептеліс кезінде жолдағы тәіртіпсіздік пен келеңсіздік белең алады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Валентин Лобанов