Хабар телеарнасы

Қазақстанның төрт тараптағы әскери округтері арасында ел біріншілігі өтті

Сонда ғана кез келген сын-қаперге төтеп береді. Қазақстанның төрт тараптағы әскери округтері арасында техникаларды жүргізу бойынша Өскеменде ел біріншілігі өтті. Бас-аяғы үш күнге созылған сайыста негізінен БТР экипаждары мен қорғаныс саласындағы автокөлік жүргізушілері өзара ең мықтыны анықтады.

Үшінші жыл ұйымдастырылған ел біріншілігіне әр әскери округ пен жеке бөлімдерден үздік шыққандар қатысты. Әуелі жарыс жолына БТР экипаждары шықты. Оларға ауыр әскери техниканы оталдырып орнынан қозғалтудан бастап, бірқатар міндет жүктелді. Тереңдігі үш метрге жуық су толы бассейнді шектеу сызықтарынан аспай жүзіп өту, ирекжолдағы кедергілерді айналып өтіп, бір шақырым жердегі нысананы көздеу сияқты тапсырмаларды орындады.

Сардор Мұхтаров, экипаж командирі:

- Норматив бойынша әр экипажға уақыт беріледі. Сол кезде бәріне үлгеруің керек. Қойылған нысанаға дөп тигізу де шарт. Ал үлгермесең ол есептелмейді. Бәрін уақыт пен ептілік шешеді.

БТР экипажының механик-жүргізушісінің ғана емес, экипаж командирі мен оператордың да шеберлігі сынға түсті. Ауыр техниканы су ортасында өшіріп алғандар да болды. Бірақ сайыстың негізгі мақсаты – әскерилердің шеберлігін осындай сын сағатта тексеру.

Константин Воронкин, ҚР Ұлттық Ұланы техника және қарулану бойынша басқарма бастығы:

- Біз бұл сайысты әрқашан әр түрлі етіп өткізіп тұруды жоспарладық. Ауа райы және өткізілетін жердегі жолдың жағдайын бәрін есептедік. Міне таулы жерде өткізіп жатырмыз. Тауда ұйымдастыру ең қиын. Бұл жерде техниканың жылдамдығы, жүру ережесі бәрі есептеледі.

БТР экипаждары жарысты аяқтаған соң жарысқа ауыр автокөлік жүргізушілері шықты. Олар да нысана көздеп, су толы тоғаннан өтіп, ойлы-қырлы жерлерден жоғары жылдамдықта қойылған белгілерді бұзбай өтуден сыналды.

Әскерилер арасында үш күн қатарынан өткен сайыстың қорытындысы бойынша «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері «Үздік БТР экипажы» атанды. Екінші орынды «Орталық» өңірлік қолбасшылығының командасы иеленді. Ал «Үздік жүргізуші» байқауында бірінші орынды да шығыстың жауынгерлері иеленді. Болашақта Ұлттық Ұланның қолбасшылары БТР-лар сайысын танк биатлоны сияқты халықаралық жарыстардың біріне айналдыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин