Хабар телеарнасы

Қытайлықтар Қазақстанға суперкомпьютерлер сыйлады

Тың машиналарды қытайлықтар сыйламақ. Жуырда Мемлекет басшысы Қытайға барғанда арнайы грант берілетіндігі жөнінде келісімге қол қойылған болатын. Енді суперкомпьютерлер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жыл соңына дейін жеткізілмек.

Бұл – Қазақстан мен Қытай елінің білім саласындағы ортақ келісімі. Құжатқа сәйкес Қытай Үкіметі қазақстандық студенттерге грант ретінде суперкомпьютерлер береді. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көрші елге жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізген нәтижелерінің бір парасы.

Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры:

- Бұл IT технопарк біздің университеттің кампусында болады. Қол қойылғаннан кейін осы екі айдың ішінде конкурс өтеді. Одан кейін жылдың аяғына дейін осы компьютерлерді аламыз деген ойдамыз. Өйткені осы уақытқа дейін біз мамандарды дайындадық.

Озық үлгідегі суперкомпьютерлермен жұмыс істей алатын мамандар болғаны дұрыс, тіпті тиіс те. Бірнеше жыл бұрын елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ суперкомпьютерлерге қол жеткізген еді. Қазір бұл суперкомпьютерлер озық инновациялардың құр «супер жәдігері» болып тұр.

Анатолий Кременчуцкий, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ-үнді АҚТ орталығының директоры:

- Қазір біз Үндістан тарапымен компьютерлердің қуаттылығын 1 петафлопсқа дейін ұлғайту бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондықтан әзірге қолданбай отырмыз. Біз Үндістан тарапы компьютерді жаңғырту бойынша қосымша ақша бөледі деген сенімдеміз.

Қытайлықтармен қол жеткізген келісімнің құны 6 млрд теңгені құрайды. Бұл сомаға шамамен қуаттылығы орташа болатын 12 мың компьютер алуға болады. Бірақ олармен өте күрделі операцияларды жасау мүмкін емес. Суперкомпьютерлердің қуаттылығы 2 петафлопс. Тың машина 1 секундта 1 квадриллион операцияны орындай алады. Ал оның жанында күндегі қолданыстағы компьютерлеріміз құр калькулятор болып қалады екен.

Арман Әбдірасилов, кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының директоры:

- Мысал келтіретін болсақ, біз әрбір жылдың аяғында немесе жартыжылдықта салық комитетіне есеп береміз. Өздеріңіз білетіндей, сервис қолжетімсіз болып қалады. Өйткені әрбір компания бір уақытта есеп тапсырған кезде сақтау мен санау ресурсы жетіспеушілігі болуы мүмкін. Сондай тапсырмаларды шешу үшін суперкомпьютерлерді пайдалануға болады.

Енді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орнын біріктіретін Жібек жолы университеттері альянсының халықаралық IT технопаркі құрылады. Қытайдан келетін суперкомпьютерлер осында орналастырылып, түрлі бағытта қолданылады деп жоспарланған.

Нұрлан Исин, Қазақстанның IT компаниялар қауымдастығының президенті:

- Әзірге Қазақстандағы суперкомпьютерлердің саны өте аз. Ресейде бар бір машина әлемдік рейтингте 93-орында тұр. Ал қытайлықтар бізге берген компьютерлердің қуаттылығы 1,2 петфлопс деген ақпарат шындыққа жанасса, онда біздің ел әлемдік рейтингте ТОП-500-ге іліге алады. Ал оның ішіне кіру оңай емес.

Келімісге сәйкес қытайлықтар суперкомпьютерлерді Алматыға өздері алып кеп, орнатып берулері тиіс. Сонымен қатар өз қаржыларына қазақстандық мамандарды оқытатын техникалық қызметкерлерін жіберулері керек.

Авторлары: Риат Шони, Дәурен Жұрқабаев