Хабар телеарнасы

Бурабайда IV республикалық әкелер форумы өтті

Шараға еліміздің барлық аймағынан үлгілі әкелер, сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия өкілдері жиналды. Олардың әрқайсысы әке институтын дамыту бағытындағы өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Айталық, әкенің отбасындағы және қоғамдағы рөлін күшейту үшін алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаларға да бірқатар өзгеріс енгізілуі мүмкін. Себебі елімізде, бала тәрбиесіне келгенде әкелердің құқығы мен мүддесі мүлдем қорғалмаған. Ал отбасылық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның құрамында әйелдер кеңесі бар да, әкелер ұйымы атымен жоқ.

Мақсат Сқақов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:

- Жалпы әкенің рөлін, әкенің күшін кім арттырады? Ең бірінші, оның асыл жары арттырады. Сондықтан форумға негізі әйелдерімен келу керек еді. Бұндағы негізгі өзек қоғамдағы әкелердің рөлін арттыру арқылы отбасын нық қылып, ертең мықты мемлекетке айналуымыз керек деген мақсатта өтіп жатыр.

Берік Рақышев, республикалық Әкелер одағының төрағасы:

- Баланы көп жағдайда анасымен қалдырады. Ол неліктен? Тағы да бұл жерде көптеген сұрақ туындайды. Неге? Әкесі баланы баға алмайды. Жалғызбасты да әкелер бар. Ондай үлгілі де ер адамдар да бар. Мысалы, Алматы қаласында жалғызбасты әке Гарвард университетіне баласын түсіріп, өзі оқытып шығарған. Сол үшін әкелерді құрметтеуіміз керек деп ойлаймын.