Хабар телеарнасы

Жалдамалы пәтер туралы бағдарлама талаптары дау туғызып отыр

Осылайша «пәтер аламын» деп әуреге түскендер арнамызға шағымын айтты. Бағдарлама шартында: «Отбасыдағы баланың санына, жұмысына қарай ұпай жинау арқылы баспанаға тезірек қол жеткізуге болады» делінген. Алайда құжат жинау кезінде олқылықтар көп.

Қазір бас қалада 123 мыңнан астам жас тұрады. Бірақ оның ішінде тек бағы жанғандары жалға берілетін 1050 баспанаға қоныстанбақ. Алайда жастар: «Бағдарлама шарттары түсініксіз», – дейді. Мысалы, пәтерді жалға алу үшін осы қалада 2 жыл тұрақты тіркеуде болу міндетті. Бірақ бағасы аспандап тұрған елордада мұндай мүмкіндіктің жоқтың қасы екені бесенеден белгілі.

Жұмысқа қабілетті, 29 жасқа әлі толмаған жалдамалы болса да, баспана алуға ниетті жандардың бірі – Айгүл Кәукенова. Ол жалдамалы пәтер туралы ақпаратты естіп, төбесі көкке жете қуаныпты. «Бірақ бір қағазын реттеп болса, екінші құжаттың әлегі басталады», – дейді. Бағдарлама туралы толық мәліметке қанығу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. «Түсіндіріп берер жан табылмады», – деп мұңын шақты.

Айгүл Кәукенова, қала тұрғыны:

- Қағаздарды үйіп-төгіп жинағанымызбен ештеңе түсіне алмай әлекпіз. Өйткені бас қалада көп адам өмір сүргенімен, ресми тіркелмеген. Ал еңбек өтілі – бөлек әңгіме. Мысалы, менің күйеуім мемлекеттік қызметте емес. Тапқан-таянғанымызбен бір адамға қарап отырмыз. Кейбір құжаттарға осылайша қол жеткізу мүмкін болмай тұр.

Келіншектің сөзінше, бірнеше жылдан бері жұбайы екеуі тар лашықты 40 мыңға жалдап келеді. «Үлкен пәтерге көшсек, жол мен ішіп-жеуге ақша қалмайды»,– дейді. Бірақ күйеуі бірнеше жыл бойы тіс жөндеумен айналысады екен. Сондықтан кейде табысы аздау болса, кейде айы оңынан туады. Ал жалдамалы баспананың шартында «ай сайынғы табыс 101 мыңнан аспауы тиіс» деген нұсқау бар.

Дәулет Кәрібек, әлеуметтанушы, «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы:

- Мүмкіндігінше құжаттар қысқартылған. Баяғыдай 3-5 ай құжат жинау деген жоқ. Кәдімгі күнделікті өздеріңізде бар Egov.kz порталының Telegram желісі арқылы қолжетімді құжаттарын жинап, өткізеді. Мұның тиімділігі сонда.

Маманның айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – жастардың еңбек етуге деген қызығушылығын арттыру. Әрі бір жерде тұрақтап қалмай, жұмыс істеу үшін тұрғылықты орнын ауыстырып отыруға бейімдеу. Алайда жалдамалы пәтерде тұру бақытына жету үшін міндетті түрде мекенжай анықтамасын тапсыру керек.

Ермек Мүсірепов, жылжымайтын мүлік федерациясы президенті, сарапшы:

- Бағдарлама жалпы нашар жасалған деуге болмайды. Десе де құжаттар жағы қатысушыларға кедергілер тудырып отыр. Себебі жалдамалы пәтер алғысы келетіндер жұмысқа қабілетті болуы тиіс екені көрсетілген. Бірақ 100-ден аса өзекті, қажетті деген мамандық иелерінің пәтерге ие болу мүмкіндігі жоғары. Алайда өз кәсібі болса да, жаман болмас еді деген тұсы да бар. Осы жағын жастар түсіне алмай әлек болып жатыр.

Ермек Мүсіреповтің ойынша, 3 мегаполистегі пәтерлерді үлестіру үшін қажетті құжаттар легін қысқарту керек. «Әрі «100 қажетті мамандық» деген жалпылама сөзді санаттарға бөліп көрсету керек», – дейді.

Дәл осылай тұрғын үй қорының табалдырығын тоздыратындар жетеді. Себебі үйге бір табан жақындаудың шарттары көпшілікке қонымсыз болып тұр.

Нұрсұлу Қожахметова, қалалық тұрғын үй қорының директоры:

- Барлық ереже ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бекітілген. Тіпті мемлекеттік бағдарлама «Нұрлы жердің» өзінде 2 жыл тұрақты тіркелуі тиіс деген қағида бар. Ал өтінімді қабылдау қарашадан басталады. Zhilfond.kz, Instagram, Facebook сияқты желілерде хабарландырулар беріледі.

Маманның сөзінше, биыл жастарға 731 жалдамалы пәтер есігін айқара ашпақ. Бірақ есте сақтайтын жайт, бұл баспаналар 5 жылға ғана беріледі әрі оны сатып алу құқығы жоқ.

Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Әлібек Әлиев