Хабар телеарнасы

Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетімен танысты

Себебі капитал нарығында сауда қызып тұр. Әрі инвесторлардың белсенділігі жоғары. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орталыққа арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Биржа жұмысы мен ағылшын құқығына сай қазақстандық мамандарды оқыту үдерісіне куә болды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығындағы салықтық жеңілдіктер 2066 жылға дейін жалғасады. Осының арқасында кез келген қазақстандық немесе шетелдік құнды қағаздар саудасына қатысып, табысын еселей алады. Осыдан бір жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы іске қосқан биржаға әлемнің 26 елінен 258 компания тіркелді. Елбасының айтуынша, бұл – қысқа мерзімде жүзеге асқан ауқымды жоспар. Себебі қаржы орталығындағы компаниялар ел экономикасына 3,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға бекініп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Еліміз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатында «Қазақстан-2050» сынды амбициясы зор бағдарламаларды қолға алуда. Ол үшін өсу қарқыны 7% кем болмауы тиіс. Бұл мақсатта инвестиция да арту қажет. Әсіресе сыртқы.

Тағы бір мәселе – Әйтеке, Төле және Қазыбек би. «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен төрелік орталығы дегенде енді осы тұлғалардың есімі бірінші аталуы тиіс. Себебі мұндағы төрелік айтатын орындарға сол ұлылардың есімі берілген. Әрі Англия мен Уельстен білікті сот төрешілері шақырылды. Бүгінде 9 сот төрешісі және халықаралық 30 арбитраж бен медиатор инвесторлардың құқығын қорғаумен айналысады. Ал стратегиялық тұрғыда Шанхай, Nasdaq, Ұлы Жібек жолы биржаларымен және Goldman Sachs инвестициялық банкімен серіктестік орнаған.

Сэм Уон Шанхай, қор биржасының өкілі /Қытай/, «Астана» ХҚО биржасының басқарма мүшесі:

- Осы жерде 2 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Шанхай биржасы Астана биржасының қалыптасуына әрі сәтті қызмет етуіне ниетті. Себебі «Бір белдеу, бір жол» саясатының Орталық Азиядағы негізгі хабына айналуы тиіс. Қытай құрылыс банкі әлемдегі ірі банктердің бірі екенін білесіздер. Сол құрылым осында өкілдігін ашты. Биржа ол үшін барлық жағдай жасады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан мен Қытай экономикасының арасындағы көпірге айналады.

«Астана» халықаралық биржасы – елімізде кешенді түрде жүзеге асырылып келе жатқан жекешелендіру науқанының негізгі платформасы. Таяу арада «Самұрық-Қазына» қорының IPO-сы өтеді. Астана биржасына ресми түрде қазақстандық 16, халықаралық 5 брокер тіркелген. Оған 17 эмитент пен «ITI Funds» инвестициялық қорын қосыңыз.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Таяуда ғана БАӘ-дегі «Emirate ligal» компаниясына лицензия бердік. Ол тізімдегі 250-ші компания болды. Сол арқылы Ұлт жоспарындағы 24, 70, 71 және 73-қадамдар төрелік орталығын құру, ағылшын құқығын енгізу, құқық жүйесін қалыптастыру және өзге қаржы орталықтарымен әріптестік орнату сынды міндеттер жүзеге асты. Енді Дубай тәжірибесіне сүйеніп инвестициялық резиденттікті құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Заң жобасы Парламентке жолданды. Жалпы 100 қадам аясында халықаралық қаржы орталығын құрудың алғашқы кезеңі аяқталды.

Акциялар нарығындағы капитал көлемі 1,9 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – еліміздің ЖІӨ-не шаққанда 5,4% тең көрсеткіш. Биржадағы құнды қағаздар саудасы қыза түсті деуге толық негіз бар. Күн сайын орташа есеппен 17 млн долларға келісімдер жасалады.

Тим Беннетт, «Астана» ХҚО биржасының басқарма төрағасы:

- Мен мұнда 18 ай бұрын келдім. Бастапқыда үрей мен күдік басым болды. Капитал нарығын құру оңай шаруа емес. Оңтүстік-шығыс Азияда, Жаңа Зеландияда жұмыс істедім. Нәтижесінде біз өте үлкен прогресс жасадық. Рекорд десем де, артық болмас. Осыдан біршама уақыт бұрын бізге Nasdaq биржасы 21 брокермен байланыс орнатуды ұсынды. Біз активтердің қауіпсіздігі басты назарда екенін айттық, сөйтіп келісім жасадық. Айтпақшы, биржада жұмыс істейтін 80 адамдық команданың 90% – қазақстандық.

Ауқатты азаматтардың активтерін басқаруға арналған «Private banking» жүйесі құрылды. Ал исламдық қаржыландыру тетігінің толыққанды қалыптасар күні алыс емес. Серіктестермен келіссөз жүріп жатыр. Блокчейн технологиясына келсек, пилоттық жобалар әзірлену үстінде. Қаржы орталығының соты мен биржасын автоматтандыруға қажетті төлем жүйелері де таяу арада дайын болады.

Владимир Ярош, «Wood and company» компаниясының басқарма төрағасы:

- Компаниямыздың Астана биржасымен серіктес болғанына қуаныштымыз. Біз Еуропадан келіп отырмыз. Сауда-саттығымыз тұрақты түрде жүргізіледі. Соңғы айда оның көлемі айтарлықтай ұлғайып келеді.

Айта кетейік, орталықта халықтық қаржыландыру жүйесі де қолжетімді болады. Енді оның қызметін сәтті жүзеге асыру қажет. Күн тәртібінде маман даярлау, әсіресе отандық кадрларды биржа жұмысына бейімдеу мәселесі тұр. Басқарушылардың айтуынша, тренинг орталығында осы күнге дейін 21 кәсіби бағдарлама бойынша 2 мыңнан астам маман оқытылған.

Еске сала кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығы жаһандық индексте соңғы бір жылда 10 саты жоғарылады. Әлемдегі 102 орталықтың ішінде 51-ші орында. Ал Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда көш бастап тұр. Елбасы көрсеткіштерді саралай келе, жетістіктерге тоқмейілсімеу қажеттігін жеткізіп, қаржы орталығы ел экономикасының қозғаушы күші болуы тиіс екендігін мәлімдеді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Хасен Омарқұлов