Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аяқталды

Тараптар қол алысты, келісімге келді. Сөйтіп Қазақстан-Қытай қатынасын қарқынды ете түсуге уағдаласты. Әсіресе технология саласында. Технология демекші, Мемлекет басшысы Қытайдың Ханчжоу қаласында болып, технология саласына түрен салған бірнеше компанияның кеңсесінде болды.

Әр ұлттың өз тарихы бар және ол қандай болмасын оған өзің де, өзге де құрметпен қарауы тиіс. Өткен екі ғасыр жер бетіндегі қай халық үшін болмасын жеңіл болған жоқ. Соғыс, ұрыс, жанжал. Қытай халқы да осы азаптарды аз кешкен халық емес. Мына мемориал сол қиын күндердің белгісі болып Бейжіңнің орталық көшесінің бірінде тұр. Мемлекет басшысы сапарының екінші күнін осы Халық Батырлары ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастады. Осылайша Президент өткен екі ғасырда Қытайда болған ұлт-азаттық қозғалыстарының құрбандарын еске алып, рухына тағзым етті.

Елу жылда ел жаңа. Ал биыл – Қытай Халық Республикасына 70 жыл. Ел үшін үлкен еңселі белес. Жалпықытайлық халық өкілдерінің жиыны Тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшумен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев осы мерейлі датамен құттықтап, мемлекеттік сапарының шын мәнінде жемісті болғанын айтып өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті, Ли Чжаньшу мырза! Біз бүгін бірінші рет кездесіп отырмыз. Өте қуаныштымын. Шын мәнінде кешегі сапарымыз ойдағыдай, жемісті болды деп айтуға болады. Осы сәтті пайдаланып Қытай Халық Республикасын 70 жылдық мерейтойымен Сізді және Қытай халқын шын жүректен құттықтаймын!

 

Қ.Тоқаев «Hikvision» компаниясының кеңсесіне барды

Қытай – технологияның тілін ерте түсінген ел. Қазір бұл елден шыққан алыптар ел ішінде ғана емес, әлем бойынша технологияда түрен салғандар деп мойындалып та жүр. Бізге көршіден үйренбек керек. Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Бейжіңде өткен ел бизнесмендерімен кездесуінде де Қазақстанның инновацияны игеруге деген ниетін айтқан болатын. Президент сол инновацияға иек арту арқылы, табысқа жеткен «Hikvision» компаниясының кеңсесіне барды. Компания өкілдері Қазақстан Президентіне өздерінің соңғы өнімдерін таныстырды.

2001 жылы құрылып, небәрі 28 адам жұмыс істеген компания қазір 34 мың қызметкері бар жаһандық корпорацияға айналды. Мықты мамандар мен инновацияны үздіксіз енгізудің арқасында компания бейнебақылау және қауіпсіздік жүйесінде өнім шығарып, сататын әлемдегі нөмірі бірінші компания атанып отыр. Өнімін 150-ден астам ел тұтынады. Бүгінде «Hikvisionнің» Азия мен Америка, Еуропа елдерінде 46 сауда өкілдігі бар. Компанияның қор биржасындағы нарықтық капиталы 12 млрд доллардан асады.

 

Қ.Тоқаев «Alibaba Group» компаниясының негізін қалаушы Джек Мамен кездесті

Ханчжоу қаласындағы атақты «Alibaba Group» кеңсесі. Ал бұл атақты Джек Ма. Қазақстан Президентімен ескі танысындай емен-жарқын. Бұрынғы ағылшын тілі мұғалімі, қазір Азиядағы ең бай адам. Оның табыс тарихы таңғалдырмай қоймайды. 1999 жылы құрылған компанияның қазір нарықтағы құны 420 млрд АҚШ доллары деп бағаланып отыр. Қазақстан Президенті компанияның құрылу тарихымен және қазіргі жұмысымен танысты.

Ал бұл – шай мұражайы. Шай ішпесе, көңілі жайланбайтын қазаққа жақын тақырып. Қасым-Жомарт Тоқаев сапары аясында оны да аралап көрді. Қытай алқында шай ішу де тұтас өнер. Қазақстан Президентіне шай дәстүрінің ерекшеліктері мен шай әдебі, шай рәсімі де көрсетілді.

Адам көршісін өз ыңғайына қарай таңдай алады, ал мемлекет жоқ, таңдай амайды. Қазақстан мен Қытай іргесі бірге көрші. Саятта ұстаным ұқсас, ал экономикада әлемдік алыппен Қазақстанның байланыспаған саласы жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент мәртебесіндегі тұңғыш сапары сәтті өтті деуге әбден болады.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Асхат Әзретханов, Алмас Омарғалиев