Кәсіпкерлерді заңсыз тексеруге әлі де тосқауыл болмай тұр

Оның үстіне шағын және орта бизнесті бақылайтын құзырлы органдар тексерісті атүсті ұйымдастырады екен. Осылай деп дабыл қаққан кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің сөзінше, 2016 жылдан бері агроөнеркәсіптік кешендегі тексерулер 6 есе, ал ветеринария саласын жөн-жосықсыз тіміскілеу 4 есе өсіпті. Осылайша кәсіпкерлердің ашу-ызасын туғызған заңсыз бақылау Бас прокуратурада тіркелмейді. Яғни полицейлер кәсіпкерлікті еш тіркеусіз, ауызша нұсқау негізінде тексеріп жүр. «Бұл – артығымен айыппұл салып, пайда көрудің жолы», – дейді олар. Сондай-ақ кейбір ведомстволар бизнесті бақылаудың заңды регламенттерін мүлдем жасамаған.

Ербол Өстеміров, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қоғамдық мониторинг департаментінің директоры:

- Кәсіпкерлік кодексінде көрсетілген тәртіпке олардың тексеруіне жатпайды. Яғни олар өздерінің айтылған осы тәртіптерін Кәсіпкерлік кодекстің нақты салалық заңдарында бекіту керек еді. Алайда Кәсіпкерлік кодекстің қабылданғанына 3 жылдан асты. Яғни ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі осы кезге дейін тексерулерді жүргізу тәртібін бекітпеген.

Ұлттық палата мүшелерінің айтуынша, кәсіпкерлерге қысым көрсету түрлі жолмен жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, кәмелет жасқа толмағандарға ішімдік, темекі сату, олардың ойын-сауық орталықтарына бас сұғуын тексеру тетіктері нормалары жоқ. Ал салынған айыппұлдан тәртіп бұзушылық азаймайды, керісінше шенеуніктерді сыбайлас жемқорлыққа итермелеуі мүмкін. Шенді демекші, мемлекеттік қызметкерлерге қарсы бизнесмендер тарапынан 500 арыз-шағым түсіпті. Оның 143-і сот процесінде өз құқығын қорғап шыққан. «Ең сорақысы, барлық кәсіпкер бір елде тұрғанымен, әр өңірде бизнесті тексеру  олқылықтары азаяр емес» – дейді сала өкілдері.