Атырау қаласының маңына мұнай қалдығын төккен кәсіпорын жазаға тартылады

2006 жылы қала тұрғындары мен жергілікті биліктің талабымен мұнай таситын цистерналарды жуатын мекеме қала сыртына көшірілген болатын. Сол кәсіпорын өкілдері қалдырып кеткен қазандықтардан аққан ондаған тонна шикі мұнай енді тұрғындар өміріне қауіп төндіруде.

Аталған мекеменің орнындағы мұнай қалдықтарының нақты көлемін ешкім білмейді, ешбір құзырлы орган өкілдері өлшеп көрген емес. Әсіресе жазда еріген мұнай бетіне көтерілетін бу адам ағзасына өте қауіпті. «Мұның соңы обыр, өкпе ауруы секілді қатерлі дерттер алып барады», – дейді қала тұрғындары. Өйткені теміржол желісі көпқабатты тұрғын үйлерге өте жақын тұр.

Таңат Нұрымов, қалалық азаматтық кеңестің мүшесі:

- Әлі де адамның денсаулығына зиян келтіріп тұр. Мұнайдың иісі, мұнайдың көтерген жағымсыз заттары адамның денсаулығына үлкен зиян келтіреді. Мысалы, мұның соңы онкологиялық ауруларға әкеледі.  

Сот шешімімен жабылған теміржол тасымалы мекемесі артына осындай мұраларын қалдырып кеткен. Мұнда мұнай ғана емес, қираған ғимараттар, мұнайды қазандыққа құю станциялары мен иесіз қалған теміржол желісінің қалдықтары да бар. Тағы бір жайт, бұл аумақта жерасты мұнай құю қазандықтары да көмілген күйі қалды.   

Қадыржан Арыстан, облыстық Табиғи ресурстар және тпр басқармасының басшысы:

- Біз сол орынға бардық. Оның БҚО филиалына жататыны анықталды. Оларға бұл аумақты қалыпқа келтіру туралы тапсырма берілді. Сонымен қатар құзіретті органдарға шара қолдану жөнінде мәселелер көтерілді.  

Облыстық экология департаменті, көлік прокуратурасы және өзге де құзырлы органдардың жүргізген тексеруінен кейін «Қазақстан темір жолының» Атырау филиалына 30 қыркүйекке дейін бұл аймақты тазалауға уақыт берілді. Егер бұл шешім орындалмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.         

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы