Хабар телеарнасы

Марат Тәжиннің төрағалығымен мемлекеттік комиссия отырысы өтті

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу бойынша мемлекеттік комиссия отырысында осындай бастама көтерілді. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен жиында айтулы даталарды мерекелеудің нақты жоспары талқыланды. «Ұлы тұлғалардың мерейтойын атап өту «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты ұлттық кодты сақтауға сеп болады», – деді Марат Тәжин.

Ол үшін Абайдың мол рухани мұрасы жан-жақты насихатталады. Ұлы ақынның шығармалары әлем тілдеріне аударылып, Түркия, Ресей және Қытай сахналарында Абай операсы қойылады. ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде отандық үздік өнер ұжымдары қалың көрерменді Абай әлемімен таныстырмақ. Абайтанушы ғалымдардың қатысуымен елордада халықаралық ғылыми конференция өтеді. Жалпы абайтану ғылымы бойынша мемлекеттік гранттар саны көбейеді. Еңбектерді жүйелеу үшін Еуразия ұлттық университеті жанында «Абай академиясы» құрылады. Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы көркем фильмдер мен спектакльдер арқылы әспеттелуі тиіс. Мемлекеттік хатшы әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлыққа Абай есімін беріп, елшіліктер базасында «Абай орталықтарын» құру туралы Президентке бастамамен шығуды ұсынды.

Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай да ғылыми конференциялар өтіп, көркем фильмдер түсіріледі. ҚазҰУ базасында онлайн журнал ұйымдастырылып, фарабитанушылардың халықаралық орталығын құру жоспарда бар. Үкімет аталған іс-шаралар жоспарының жобасын мемлекеттік комиссияға 1 қазанға дейін ұсынуы тиіс.