Хабар телеарнасы

Шығыс Қазақстанда сақ дәуіріне жататын 500 артефакт табылды

Осымен 5-ші мәрте өткізіліп тұрған басқосуда «Археология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту» бағдарламасының 4 жылғы нәтижесі қорытыланды. Осылайша археолог ғалымдар зерттеулер кезінде ашқан ерекшеліктерді ортаға салып, жаңалықтармен бөлісті.

Үржардағы қорымдар, Берел қорғандары, Шілікті, Елеке сазы сынды бірнеше алқаптан табылып жатқан тарихи құндылықтар бүгінде төрткүл дүниеге мәлім. Сондықтан болар, бұл басқосуға Түркия, Франция, Жапония сынды елдердің ғалымдары ерекше ықыласпен қатысты.

Сайто Нарайя, Токио университеті Генетика ұлттық институтының профессоры /Жапония/:

- Біз Берел қорғандарынан табылған патшаның геномын зерттедік. Бір таңғаларлығы, оның генетикалық коды тек қазақтарға ғана емес, түріктерге, тіпті Шығыс Азия елдері, соның ішінде жапондарға жақын болып шықты.

Биыл археологтардың олжасы аз болған жоқ. Елеке сазынан сақ дәуіріне жататын алтын бұйымдардан тұратын 500 артефакт табылды.

Әбдеш Төлеубаев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:

- Осы Елеке сазының материалдары көп жағынан Шіліктінің артефактарын, деректерін қайталайды. Екі алқапта жаралған екі мәдениет сақ мәдениетінің ортақ екендігін дәлелдейді.

Өскеменнің іргесіндегі Ақбауырға да тарих қатпарынан жеткен дерек көп екен. Ол жерде сақ тайпаларының ежелгі қонысы болғандығы анықталды. Осылайша ата-бабамыздың шаруашылықтың түр-түрін меңгергенінен хабар беретін дәлелдер саны артты. Археологиялық зерттеулер саласындағы бұл жетістіктерге өлкедегі арнайы бағдарлама серпін беруде.

Әсем Нүсіпова, ШҚО әкімінің орынбасары:

- Бұл ғылыми зерттеулерге жалпы 600 млн теңгеге жуық қаражат жаратылды. Оның нәтижесіне өздеріңіз куәсіздер. Біз 25 мыңнан астам артефакт таптық.

Зерттеулер одан әрі жалғасады. Өйткені археологтар облыста әлі де ерекше тарихи жаңалықтар боларына сенімді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов