Хабар телеарнасы

БҚО-да 7 білім ошағы апатты жағдайда тұр

Соған қарамастан балалар осында оқып келді. Көктемде төбесі ортасына түспес, әлі де оқи берер ме еді?! Бүгінде оқушылар жақын маңдағы №2 мектепте білім алып жатыр.

Үміт Ерғалиева, №33 орта мектеп директоры:

- Оқушыларымыздың білім алуына оқу кабинеттерінің саны жетіспеді. Мектепте жобалық қуаты 280 балаға арналған. Бүгінге дейін бұл мектепте 416 оқушы білім алды. Жалпы мектептің ғимараты салынғаннан бастап ешқандай күрделі жөндеуден өтпеген.

Ал Оралдың орталығындағы №8 мектеп апатты білім ордаларының қатарына биыл қосылды. Жаңа оқу жылынан бастап балалар қаланың шет жағындағы өзге мектепте уақытша көшкен. Дегенмен жаңа орында жағдай мәз емес. Кабинеттер жетпеген соң, факультативтер сенбіге қалдырылса, мұғалімдер бөлмесі дәлізге орналасыпты.

Анаргүл Қаржауова, №8 мектеп директоры:

- Жобалық қуаты 1200 орынға арналған бұл мектепте 1350 бала оқып жатыр. Оның үстіне біздің 485 оқушы қосылды. Негізі біздің мектепте 600 бала бар еді. Оқу процесінің қаланың шетіндегі шалғай мекенжайға ауыстырылуына байланысты 110 баланы ата-аналары шығарып алды. Қазір екі ауысымда оқып жатырмыз.

Егер аталған екі мектеп басқа нысандарға уақытша орналасса, №31 мектепте балалар апатты орында білім алып жатыр. 60 жыл бұрын салынған ғимараттың заман талабына сай келмесі ақиқат. Спорт залы жартылай жертөледе орналасқан. Көне жабдық, тозған мүлікке ұстаздар да разы емес.

Рушан Бағамбет, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- Өзім осы жерге құлап екі қабырғамды сындырдым. Балалар бір жерін жарақаттап ала ма деп жаным қалмайды. Спорт зал тозып, едені шіріп тұр. Жақында ғана тақтайларын ауыстырдық.

Апатты мектептің орнына жаңасын саламыз дегелі бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда билік басындағылар асығар емес. Биыл облыста үш мектептің құрылысы басталғанымен, қажеттілік одан әлдеқайда көп.

Нұркен Молдашев, БҚО Құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

- Биыл тағы да 4 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Екеуі апатты жағдайдағы мектептерді жою мақсатында, екеуі үш ауысымдағы мектептерді жою мақсатында жасалған. Сонымен қатар 5 мектептің жобасы дайындалуда.

Өңірде 7 мектеп апатты жағдайда деп танылса, соның 3-еуі Орал қаласында. Облыс орталығындағы тағы 5 білім ордасында балалар 3 ауысымда білім алады. Қазіргі құрылыс қарқынымен бұл түйінді мәселенің түбегейлі шешімін табар күнін айту әзірге мүмкін болмай тұр.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов