Хабар телеарнасы

Қостанай облысындағы жол құрылысы барысында олқылықтар анықталды

Мұндай олқылықтарды біздің түсіру тобы мен аймақтық «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары анықтады. Журналистер мен тексерушілер Фёдоров пен Первомай ауылдарын байланыстыратын жолда болды. Жаңа асфальттың кей тұстары жарылып, шұңқырлар пайда болған.

Фёдоров пен Первомай ауылдарының арақашықтығы – 34 шақырым. Жоба бойынша жолдың жартысы биыл жөнделіп бітуі тиіс. Қалғаны келесі жылға шегерілген. Ауа райының қолайсыздығынан қазір техника қаңырап тұр. Ал жол аумағында жұмыс қызу. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» сарапшылары тексеріс үстінде. Мердігерге айтар сын көп.

Түсініспеушіліктер жөнделіп жатқан жолдың басқа аумағында да туындады. Бұл жерге асфальт жақында төселген. Онда пайда болған шұңқырлар мен үлкен үш жамауға қатысты мердігердің айтар уәжі бар.

Артак Аветисян, мердігер мекеменің өкілі:

- Жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында осы аумаққа астық тиелген жүк көлігі кіріп кетті. «Жол жоқ» деген белгі де қойғанбыз. Алайда жүргізуші оны байқамай қалды. Соның салдарынан жолдың осы аумағына жамауға мәжбүр болдық.

Абылайхан Алшынбаев, «Ұлттық жол активтері сапасының орталығы» ҚОФ директоры:

- Бұл – аудандық маңызы бар жол. Жүк таситын көліктер жиі қатынамайды. Жақын маңайда кен шығаратын орындар жоқ.

Аумақты көзбен шолып өткен мамандар арнайы құрал-сайманның көмегіне жүгінді. Әр жерден асфальтты шаршы түрінде кесіп, сынауға қажетті үлгі алынды. Үш үлгінің екеуі қалыңдығы жағынан талаптарға сай келмейтін боп шықты. Асфальт бетонды қоспаның тығыздығы, суыққа шыдамдылығы және қиыршық тас, құмдардың сапасы осы зертханада тиянақты тексерілмек.

Абылайхан Алшынбаев, «Ұлттық жол активтері сапасының орталығы» ҚОФ директоры:

- Алынған материалдар біздің зертханада сыналады. Үш-төрт күн аралығында нәтижесі белгілі болады. Оны тапсырыс берушіге жолдаймыз. Келісім қатынастарына сәйкес ол қандай да бір шешімге келеді. Қайткенмен мердігер олқылықтарды өз есебінен жоюға міндетті.

Құрылыс жұмыстары аяқталғанша облыстағы жергілікті маңызға ие және елді мекендердегі тасжолдар тексеруден өтеді. Шамамен бұл – 1,5 мың шақырымдай жол. Басты міндет – жұмыстардың сапалы орындалуы. Кімде-кім бұл талаптарды ескермейтін болса, онда келесі жылы тендерге қатыстырылмауы әбден мүмкін.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров