Хабар телеарнасы

Қазақстан 330 млрд доллар шетелдік инвестиция тартты

Азияда орналасқанымен, Қазақстанның инвестициялық климаты еуропалықтарға жайлырақ болса керек. Экономикамызға құйылған шетел қаражатының тең жартысы Еуроодақ елдеріне тиесілі. Екінші орында 15% үлеспен АҚШ болса, Ұлибритания мен Қытай 5% үштікті қортындылайды. Қазақстанға ұзын саны 120 ел ақша салған. «Оларға қойылатын басты талап – жоғары технологиялы жоба ұсынып, бірінші кезекте қазақстандықтарды жұмыспен қамту», – деді Жеңіс Қасымбек.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Осы принциптерге сүйене отырып, көрсетілген мерзімде 16,2 АҚШ долларына 135 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 133 жоба ЕО елдерімен бірлесіп жүзеге асырылды. ҚХР көптеген инвесторлардың бірі бола отырып, 15 жобаны қаржыландырды.

Шетелдік инвесторларды қолайлы жағдай мен Қазақстанның таза экологиясы қызықтырады. Олармен тікелей жұмыс істейтін компания басшысы экспортқа бейімделген жобалардың артып жатқанын айтты.

Бауыржан Сартбаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ төрағасы:

- Түркістанда біз қатысып жатқан шартқа қол қойылды. Ол өнімді өздері Ресейге шығарады. Сататын жерлері дайын.

Инвестициялық жобаларды жақсы білетін Жеңіс Қасымбек бірлескен кәсіпорындарда қызмет ететін қазақстандықтардың ел бойынша орташа үлесі 95% екенін жеткізді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Мысалы, Ақтоғайда 99% Қазақстанның азаматтары, Қытайдан емес. Біреуі Канададан, Австралиядан, енді бір-екеуі Чилиден болған. Ол салаға байланысты.

Қиырдағы Қазақстаннан кәсіпорын ашып, сырттан маман әкеліп, әуреге түсіп, валютамен жалақы төлеп шығынға бату бизнестің ешбір қисынына келмейді. Вице-премьер инвестициялық жобаларға қатысты тағы бір тиіп-қашпа әңгіменің нүктесін қойды.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Халық арасында «Елімізде салынып жатқан зауыттар қоршаған ортаға зиянды, тіпті ескі кәсіпорындарды Қазақстанға көшіріп жатыр» деген қауесет тарап жатыр. «Бізге ешбір елдің ескі зауытын кіргізіп жатқан жоқпыз» деп ресми түрде мәлімдеймін. Жобалардың барлығы жаңа. Жақында ғана Қапшағай маңында күн сәулелі станция іске қосылды. 30 адам жұмыс істейді, барлығы Қазақстан азаматы.

Инвестициялардың тең жартысын жабатын Еуропаны айтпағанда, Қазақстан-Қытай арасында келісілген 55 жобаның іске асқан 15-інің өзі 4 мың жұмыс орнын беріп отыр. JAC жеңіл көлігі мен LOVOL тракторлары қазақстандық брэнд ретінде қалыптасып, экспорттан экономикаға үлес қосып отыр.

Авторы: Сұлтан Қылдыбек