Хабар телеарнасы

ҚР Президенті Атырау мұнайшыларын марапаттады

Мерейлі күнге орай Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының үздіктерін марапаттады.

Салтанатты жиында отандық мұнай өнеркәсібінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген 41 қызметкер марапатталды. Президент: «Олардың әрбірі Қазақстан экономикасын ілгерілетуге атсалысты», – деді. Одан бөлек бұл саланы дамыту үшін шетелден капитал тарту ісіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегін атап өтті. Президент бір ғана жетістікпен тоқталып қалуға болмайтынын айтты. Алдағы уақытта мұнай өндіру көлемін арттырып, елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту міндеті тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Саланы дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес 2025 жылға қарай мұнай өндіру жылына 100 млн тоннадан, ал газ жылына 77 млрд текше метрден асуы тиіс. Осы мақсатта 2021-2025 жылдарға арналған ауқымды геологиялық барлау бағдарламасы әзірленуде. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстанның жалпы ресурстық әлеуеті 75 млрд тонна шартты отын болса, Орталық және Солтүстік Қазақстанның әлеуетті ресурсы шамамен 18 млрд тоннаны құрайды.