Хабар телеарнасы

Шарон және Қиғаш өзендерін аршу жұмыстары жалғасып жатыр

Аталған өзендердің түбін тереңдету жұмыстары соңғы 40 жылда мүлде қолға алынбаған еді. Салдарынан өзектер бітеліп, өзендерде қозғалыс қиындады. Тіпті кей жерлерде тереңдік 1,5 метрге таяздап, балықтар мен су көліктерінің жүрісіне кері әсер ете бастаған.

Осыған орай былтыр жергілікті биліктің қолдауымен екі жылдық бағдарлама түзіліп, жұмыс қолға алынды.

Қиғаш, Шарон өзендерін Каспий теңізіне қосатын су арналарының ұзындығы 100 шақырымнан асады. «Сулы жер – нулы жер» дегендей, табиғаты тамылжыған өзен жағалауларында мыңдаған аң мен құс мекендейді. Сондай-ақ Қиғаш бойының мақтанышы саналатын су жаңғағы мен әйгілі лотос та тек осы жерде. Сулы өңір – жағалауды бойлай қонған ауылдардың да негізгі күнкөріс көзі. Шабындықтар мен жайылымды айтпағанның өзінде балық шаурашылығын өркендетуге мүмкіндік мол.

Алайда 40 жыл бойы аршылмаған су арналары құмыға бастады. Өзектердің тереңдігі кей жерлерде 30-40 см-ге зорға жетеді. Бұл өз кезегінде су көліктерінің қозғалысын қиындатып, балықтардың негізгі өрісіне шығуына кері әсер ететін. Сол себепті былтырдан бері су арналарын тереңдету жұмыстары басталды. Жоба бойынша орташа тереңдік 2,5 метрден кем болмауы тиіс.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Судың деңгейін көтеру арқылы ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік туады. Шабындықтарға су шығаруға қол жеткізіледі. Сонымен қатар бұл – адамдардың тұрмыс жағдайының жақсаруы және осы жерге келетін туристер үшін, оның ішінде экотуризмді дамытуға үлкен үлес қосатын маңызды жоба.

Аудан үшін негізгі сала балық шаруашылығы болғандықтан, бұл өзектердің өнеркәсіптік маңызы зор. Былтырғы жұмыстың нәтижесінде балықшылар көктемгі балық аулау маусымын жемісті аяқтады. Жалпы аудан бойынша 150 шақырымдық су арнасының 127 шақырымы келер жылға дейін аршылуы тиіс.

Бауыржан Нұрғалиев, мердігер мекеменің өкілі:

- Енді әр жағында 14,2 шақырым жаңадан канал қазылады. Жаркөсе каналы теңізге қосылады. Ол балықтың жүзуіне және құстар мен жануарлардың өмір сүруіне үлкен серпін береді.

Тереңдету жұмыстары өзендермен қатар Каспий теңізінде де жүргізіліп жатыр. Ол өз кезегінде балықшы кемелердің теңізге еркін кіріп-шығуына, өңірде жалпы су қатынасының жандануына игі ықпал етпек.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев