ҚР Парламенті Мәжілісінің V сессиядағы алғашқы пленарлық отырысы өтті

Жолдаудағы міндеттерді атқаруда төменгі палатаның рөлі зор екені белгілі. Мәжіліс депутаттары 16 бірдей заң жобасын қарауға алды.

Президент Жолдауындағы бар міндетті тыңғылықты тындыру үшін тиянақты заң керек. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин халыққа қажетті заңдардың сапалы болуына көңіл бөлінетінін айтты. Әсіресе экономиканы жаңғырту, бюджет және салық жүйесін жетілдіру, адам құқығы мен бостандығын қорғау, шағын және орта бизнесті қолдау секілді Жолдауда айтылған міндеттер айрықша назарда болады.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын жалғастыра отырып, Қазақстанымызды одан әрі дамытудың негізгі мақсаттарын белгілеп берді. Олардың барлығын заң жағынан қолдау үшін депутаттық корпустың алдында да жауапты міндеттер тұр. Сол үшін сессия барысында біз өз уақытында халыққа қажетті, сапалы заңдар қабылдайтын боламыз.

Шаруа шаш етектен. Мәжіліс алғашқы пленарлық отырыста-ақ жұмысқа белсене кірісті. Бірден 16 заң жобасын қарауға алды. Президенттің «Ұлттық қор қаржысын оңды-солды жұмсамай, тиімді пайдалану керек» деген тапсырмасы бар. Сол трансферт туралы жоба Мәжіліске келді.

Гүлжан Қарағұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ұлттық қор трансферттері 2022 жылдан бастап қысқартылатын болады. Қазір бюджеттің табыс бөлігіне түсімдерді молайту жөнінде міндет қойылды. Индустриалды-инновациялық бағдарламаның екі кезеңі нәтижесін беруі тиіс.

Қылмыстық жолмен келген ақшаны жылыстатуға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі жобаны да депутаттар ой елегінен өткізеді. Ұзақ уақыт айтылып келген педагог мәртебесі туралы құжат та қаралатын болды.

Еңбек өнімділігін 1,7 есеге өсіру – Президент қойған міндет. Еңбек туралы туралы заң жобасы да толықтырылады. Елдегі туризмнің көсегесін көгерту – көксеген арманымыз. Мәжілісмендер оны да өзгертіп толықтырады.

Сапар Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің комитетке туристік саланы дамыту бойынша заң келді. Елімізде тамаша сакралды объектілеріміз бар. Туристік бағытта мүмкіндіктеріміз де бар, соны қолға алып, туристік саланы қатты үдемелі түрде дамытуымыз керек.

Депутаттар сондай-ақ біздің ел мен Өзбекстан Үкіметтері арасында заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі серіктестік туралы және Түркиямен арада әскери ынтымақтастық жайлы келісімдерді де зер салып қарайды.

Мәжілістің қызметтегі ұстанымы – ашықтық. Ресми сайтта енді жалпы отырыстардан бөлек, жұмыс топтары мен комитеттердің талқылаулары да онлайн көрсетілмек. Сондай-ақ Мәжіліс біртіндеп латын тіліне көшуді бастап кетті. Жаңа маусымда байқағанымыз, кабинет атаулары, кіреберістегі жазулар, депутаттардың аты-жөні латын қарпінде жазулы.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Серік Қоңырбаев