Хабар телеарнасы

Азия әдебиетінің жауһарларын әлемге әйгілі етуде не кедергі?

Азия жазушыларының I форумы аясында қазақтың жазушылары ғана емес, қонаққа келген қаламгерлер де оларды ашып айтты. Азия әдебиетінің жауһарларын әлемге әйгілі етуде не кедергі?

Қазақстанда ғана емес, тұтас Азия атырабында мұндай жиын көптен өткен жоқ. Қарт жазушылар осыдан 46 жыл бұрын Алматыда Азия мен Африка жазушыларының конференциясы өткенін еске салды. Ұзақ үзілістен кейінгі кездесу. Айтатын нәрсе көп. Тыңдайтын құлақ та бар. Сондықтан форум дәйекті диалог алаңына айналу деген алғашқы міндетін толық орындады деуге әбден болады.

Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның халық жазушысы:

- 1973 жылы Алматыда Азия, Африка жазушыларының конференциясы болды. Жас кезіміз, әрбірімізді бір-бір елдің делегациясын күтіп алуға міндеттеп қойған.

Қарасөздің қарагері атанған Қабдеш Жұмаділов конференцияда ешкімді күтіп алған жоқ. Сексеннің сеңгіріне шыққан жазушыны есесіне біз күтіп алдық. Ойын тыңдадық. Әуелі қазақ әдебиеті жайында. «Насихат жағынан кенже қалып отырмыз», – дейді. Жазушының сөзін ақын апамыз да қолдай кетті.

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі:

- Шіркін, Абай мен Махамбетті аударсақ. Соның өзімен біз көп нәрсе ұтар едік.

Марат Әбсеметов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Бізде неге премия, сыйлық алмайды деп қынжылады. Екі проблема тұр. Аударма және сын. Бізде қазір сын да жоқ.

Қазақ әдебиетінде аударма аз. Насихат жеткіліксіз. Келер жылы біз 175 жылдығын атап өтетін алып Абайды челлендж арқылы ғана әлемге танытқандай болдық. «Бірақ бас ақынды түсіну үшін бір реттік науқан аздық етеді», – дейді Абайды қытайша сөйлетіп жүрген Ақбар Мәжит.

Ақбар Мәжит, жазушы /Қытай/:

- Абайдың қара сөзін қытайша аударған, әзір. Енді өлеңдерін аударып жатырмын. Бүкіл Азия қазақша оқып, оған жете алмайды. Олардың тіліне аударып, жеткізу керек.

Малай ақыны Ахмад Камал Абдуллах біздің түсіру тобымызға ғана емес, тұтас қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілігін осылайша жеткізді. Қазақ әдебиетінің жауһарларын жаһанның оқырмандарына жеткізуге сапалы тәржіманың қажеттігін айтады.

Ахмад Камал Абдуллах, жазушы, драматург /Малайзия/:

- Қазақстаннан шыққан жазушылар мен ақындар аз емес, тіпті көп дер едім. Бірақ бір мәселе бар. Ол қазақ тілін үйрену. Қазақ тілі құлаққа өте жағымды естіледі. Қазақстандықтарды көргенде оларға деген сүйіспеншілігімді олардың ана тілінде жеткізгім келеді. Тілді білмей, мәдениетті танып білуге болмайды. Сондықтан сапалы әрі жинақы аударма өте қажет.

Ұлттық әдебиетті ұлықтау процесі басталып кетті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың 30 ақыны мен 30 жазушысының шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып жатыр. Демек, әдебиетімізді әлем тани түседі. Енді Азия атырабына ығыссақ. Бұл ретте Моңғолияның атақты ақыны, Нобель сыйлығының номинанты жазушыларды қолдау қорын құруды ұсынады.

Гомбожавын Мэнд-Оео, ақын, Нобель сыйлығының үміткері /Моңғолия/:

- Мәдениет пен өркениеттің әлемдік антологиясына азиялық жаңашылдық енуі керек. Ол үшін Азия әдебиетін қолдаудың бірнеше тетігін ұйымдастырған жөн. Бұл ретте Азия жазушылары мен ақындарын қолдау қорын құру қажет деп ойлаймын. Олардың таңдамалы шығармаларын күллі әлемге насихаттау қажет. Бұған мемлекет басшылары деңгейінде көмек көрсетілсе керек-ті.

Михаил Айдинов, жазушы, «Көпұлтты Грузия» газетінің редакторы:

- 20 жыл бұрын Грузия Еуропа Кеңесіне енген тұста премьер-министр: «Мен – грузинмін, сәйкесінше еуропалықпын», – дегені есте қалыпты. Мен мұнымен келісе қоймаймын. Біз географиялық орналасу жағымыздан Азияға да, Еуропаға да жатамыз. Ал әдебиет пен мәдениет жағынан тіпті бір-бірімізбен қабысып жатырмыз. Қазақстанмен ара-қатынасымыз тіпті ғасырлардан келе жатыр. Сондықтан бұл форум сол байланыстарды нығайта түседі деп сенеміз.

Форумда аз нәрсе айтылған жоқ. Қазіргі қаламгерлердің проблемасы неде? Не жырлануы керек? Не жазылуы керек? «Көркем шығармалар көпшілікті соғыстан, дүрбелеңнен ада болуға, адамгершілікке үндеуі керек», – дейді бүгінгі қаламгерлер және тамыр үзіп кетпуі тиіс.

Дулат Исабеков, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

- Неге біз Еуропаның әдебиетіне ұмтыламыз? Соның стиліне ұмтыламыз. Біздің әдебиетіміз олардан әлдеқайда 4-5 мың жыл бұрын басталған. Міне, осындай-осындай ойлар жетелейді.

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын:

- Оралхан Бөкеевтің бір ауыз сөзі бар. Бәрі де баяғының садағасы. Жастардың да байыз табатын, байсалды болатын уақыты келеді. Сол кезде түп тамырға оралу болады.

Соғысты да бастайтын – сөз. Бейбітшілікті орнататын да – сөз. Әрбір жазушының, ең нашар деген жазушының да кем дегенде мың оқырманы бар. Достық, адамгершілік, туыстық, тепе-теңдік. Сондықтан әлем әдебиетінің де, жекелеген халықтар әдебиетінің де ортақ мәселесі осы төңіректе болуы тиіс.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов