Азияның қаламгерлері 50 жылдан соң қайта бас қосты

Мұндай ұсынысты Азия елдері қаламгерлерінің I форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасады. Құрлықтың қарымды қаламгерлері 3 күн қатарынан Қазақстан астанасында мемлекеттердің әдеби-мәдени ынтымақтастығын нығайтып, Шығысқа бір замандағы «Өнер мен білімнің орталығы» деген атағын қайтарып берудің жолдарын талқылады.

Бір-бірін түрінен емес, терең ойынан, сүбелі сөзінен танитын тұтас құрлық қаламгерлерінің кең құрамда жиналуы тұңғыш. Азия қаламгерлерінің I форумы құр танысып, өзара құрмет танытатын алаң емес. Алшаң басып, соңғы жылдары экономикалық жетістіктерімен жетекші елдермен терезе теңестірген Азия рухани кеңістікте де келісімде болуды қалайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еуразия жүрегіндегі қазақ даласы батыс пен шығысты жалғайтын дәліз ғана емес. Ұлы дала елі – сан тараптағы ғылым мен білімнің, өркениеттердің тоғысқан тұсы. Бүгінгі форум қазіргі заман үрдістерінің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететінін көрсетіп отыр. Рухани кемелденуге ұмтылмай, өркендеу болмайды. Ондай дамудың ешқандай маңызы жоқ.

 

«Азия алыбы» сыйлығы «Нобельмен» таласа ала ма?

Сақал сипағанша саудаға құрылған қарым-қатынастың ғұмыры қысқа. Оны түсінген Азияның зиялылары ақыл қосып, Шығысты өркениеттің тарихи көшбасшысы шыңына қайта шығаруды ортақ мақсат тұтып, ұйысуға бел буды. Рухани интеграцияны жеделдетудің төте жолын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек. Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті.

 

Азияттар бірігіп «Қорқыт» туралы фильм түсіруі тиіс

Өнер мен білім шекара білмейді. Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі де, құрлықтың ортақ қазынасынан енші алып, өзінікін ұсынуға ұтымды жағдай жасап отыр. Тұтас түркі әлемінің мұрасы саналатын «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» жырлары мен «Қорқыт» қазынасының түп тамыры қазақтың ұлы даласымен сабақтасуы, Азияның рухани әлемін түлетуі тиіс тұңғыш жиынның неліктен Қазақстаннан басталғанын түсіндіреді.

Анар Рзаев, жазушы /Әзербайжан/:

- Қорқыт екі халықтың ортақ бабасы саналады. Әзербайжан ЮНЕСКО қолдауымен Қорқыттың 1300 жылдығын тойлады. Күй атасы туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар шықты. Мен қырғыз, өзбек, қазақ, түрік сияқты бауырлас мемлекеттердің бірлесіп Қорқыт туралы телехикая түсіргенін армандаймын.

 

Азия құрылығының «Әралуандылық үйлесім» формуласы

Ол үшін бірлік керек. Бірігудің формуласын ұсынған форумға жиналған 38 елдің сөз шеберлерінің арасында үш бірдей Нобель сыйлығының номинанты бар. Соның бірі кореялық Ко Ын. Қарт қаламгер Азия әдебиетшілеріне үлкен аманат артты.

Ко Ын, Нобель сыйлығының номинанты /Оңтүстік Корея/:

- Мен Азия үшінші әлем деген түсінікке түбегейлі қарсымын. Бұл – екінші дүниежүзілік соғысынан кейін таңып берген анықтама. Атаудың түп тамыры «тәуелді», «әлемдік жүйеде өз орнын таппаған ел» дегенді білдіреді. Ал қазір заман басқа.

«Дамыған Еуропа дін мен тілдің айналасында топтасса, күш алған Азия «әралуандылық үйлесім» табуы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- ХХ ғасырда екі жүйенің текетіресі Азияны да екіге бөліп, тұтас мәдениеттер арасына сызат түсірді. Орталық Азия «темір құрсауға» алынды, халықтар мен мемлекеттер қақ жарылды. Алайда біз бәрімізге ортақ, бастауы бір құндылықтарымызды сақтап қалдық. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтқан өсиеті осыны меңзейді. Азия біріге алады.

Азия бірігуі тиіс. Оның алғашқы қадамы Қазақстанда жасалды. Үш күн қатарынан қаламгерлер құрлық әдебиетінің өзекті проблемаларын талқылап, ортақ түйінге келуі тиіс. Азия жазушыларының халықаралық одағы құрылып, үш жылда бір кең құрамда кездесу дәстүрге айналады.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Азамат Сәметов