Хабар телеарнасы

Астықты аймақтар егін оруда көш соңында келеді

Қазіргі таңда танап басында тынбай еңбектенген диқандар 4,8 млн тонна дәнді дақылды жинаған. «Гектар берекелігі орташа 11,5 центнер», – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров. Егін оруды алғашқылардың бірі болып Түркістан облысы аяқтаған. Ал көш соңында СҚО мен Қостанай өңірлері келеді. «Жаз айларында болған аптап ыстыққа байланысты аграрлық аймақ Қостанай облысында алаңдатарлық жағдай туындап отыр», – дейді министр. Енді мәселені шешу үшін әкімдік пен министрлік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау бағытында тиісті шаралар қолға алынбақ.

Сапархан Омаровтың айтуынша, биыл жиналатын астық көлемі былтырғыға қарағанда 1 млн тоннадай кем болады. «Бұл нан бағасына әсер етпейді», – дейді министр. Себебі нанның бағасын ұстап қалу үшін жыл басында азық-түлік келісімшарт корпорациясы наубайханаларға 100 мыңнан 150 мың тоннаға дейін арзан бағаға бидай сатуды қолға алыпты.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- 100 мың тоннасы сатылды. Нанның бағасы содан бері тұрақты тұр. Енді астық жинау мәселесіне келер болсақ, ауа райына байланыста 1-1,5 млн тонна астық кем жинаймыз деп отырмыз. Ол ішкі нарыққа қатты әсер етпейді. Егер 19 млн астық жинайтын болсақ, оның 9 млн-ны ішкі нарыққа қалады, 7-8 млн тоннасын экспортқа шығарамыз, ар жағында 2 млн тағы да қалып отыр. Былтырғыдан 1,5 млн тонна астық бар. Сонымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті.