Жекеменшік мектеп төңірегінде дау туды

Білім ордасының кіреберісі мен көпқабатты үйдің жерасты паркингінің қақпасы қатар орналасқан. «Білім ордасынан жүгіріп шыққан баланың көлік астына түсіп қалмауын қадағалап жатқан ешкім жоқ», – дейді тұрғындар. Мектеп басшылығы қауіпсіздікке салғырт қарап, тіпті қызметін заңсыз жүргізіп отыр делінген арнамыздың «Хабарласыңыз» айдарына жазылған көрермен шағымында.

Бұл тұрғын үйдің жерасты паркингінен көлікпен көтерілу қауіп-қатерге толы. Жоқ жерден ойын баласы жүгіріп шығып, жазым болуы оп-оңай. Жекеменшік мектеппен еріксіз көрші болған тұрғындар мәселені баяндап, бірқатар мемлекеттік мекемеге хат жазыпты. Алайда нақты жауап жоқ. Сала-құлаш құжатта әкімдік мәселені бақылауға аламыз деп құрғақ жауап қайтарған. Шара таппаған азаматтар арнамызға жүгінуден басқа амал қалмағанын айтады.

Юлия Шимон, қала тұрғыны:

- Мектептің кіреберісі үйдің жерасты тұрағымен қатар орналасқан. Төменгі қабаттан жоғары көтерілетін жүргізушіге қақпа алдында не болып жатқаны көрінбейді. Ойын баласы жүгірмей, ойнамай тұрмайды. Сондықтан бұл жерде ыңғайсыздықтан бұрын баланың қауіпсіздігі қарастырылмаған.

80 оқушыға шақталған жекеменшік жалпы білім беретін мектептің не ойын алаңы, не көлік қояр тұрағы жоқ. Тұрғындар бұл қолайсыздыққа да «мектеп қой» деп көз жұмуға дайын. Оқушысының қауіпсіздігіне қам жемеген білім ордасы журналистерді де барлық рұқсат қағазы түгел деп алдауға тырысты.

Тұрғындардың талабынан кейін өтірігін мойындауға мәжбүр болған ұстаздар: «Есесіне мектептің білім сапасы жоғары», – деп ақталуға тырысты.

Балшақар Жаңғазина, тәрбие ісінің меңгерушісі:

- Балалар таңғы сағат 08:00-де келіп, кешкі сағат 18:00-ге дейін осында болады. Осында тамақтанады, басқа үйірмелерге де қатысады. Сондықтан осында сапалы білім алуға мүмкіндік бар.

Сапалы білімге тұрғындардың қарсылығы жоқ. Тек баланы қауіпсіз, білім беруге бейімделген ғимаратта оқытқанын тілейді. Сондықтан алғашқы қоңырауын соққан жекеменшік мектептің жұмысы тоқтатылсын деген талап айтады.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Айбын Құсанбек