Хабар телеарнасы

Үкімет отырысында әуе билеттерін арзандатудың нақты жолдары ұсынылды

Ал теміржол билеттерінде тапшылық бар. Бұл мәселені шешуді Мемлекет басшысы Үкіметке жүктеген болатын. Президент міндеттеген тапсырмаларды орындау жайын министрлер кабинеті бір пысықтап алды. Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта әуемен қатынау арзандап, теміржол билеттерін сату цифрландырылмақ.

Болатхан Нұрышкенов жұмыс сапарымен ел ішінде жиі ұшып тұрады. Ол Алматы қаласына аттанғалы отыр. «Билетті ерте алсаң арзанға түседі», – дейді.

Болатхан Нұрышкенов, жолаушы:

- Мен билетті 3 жұма бұрын 15 мың теңгеге алдым. Ал егер жұмыс бабымен тез арада ұшу керек болса, баға ұшып тұрады. Мысалы Алматыдан қашан қайтатынымды білмеймін. Егер ертең қайту керек болса 45-50 мың теңге тұрады.

Бағаның қымбат болғандығынан ба, әйтеуір ұшаққа асығып, тіркеуде ұзынсонар кезекте тұрған адамның қарасы көп еместігін көрдік. Кассада билет сатып алып жатқандар да шамалы.

Авиабилет бағаларының шарықтауына ұшақтардың жетіспеушілігі мен жүк тасымалдаушы бөліктердің тапшылығы себеп. Әуе рейстерімен қатынау қымбатшылығының себебін Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек осылай деп түсіндірді. Бұл проблеманы министрлер кабинеті жақын арада шешеміз деп отыр.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Тарифтерді түсіру мақсатында ағымдағы жылдың 1 мамырында отандық төмен бюджетті Fly Arystan тасымалдаушы жұмысын бастады. Ағымдағы жылдың соңында Fly Arystan орындалатын рейстер саны күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мен біріге отырып Үкімет әуе кемелерінің паркін ұлғайту мақсатында Air Astana және Kazakh Air компанияларын қосымша капиталандыруды жоспарлап отыр.

Тілшілердің назарына іліккен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр билет бағасы жанар-жағармай, әуе кемесінің құны мен өзге де факторларға байланысты екендігін айтады. «Бұл мәселелер алдағы уақытта шешіледі», – дейді. Министрлік күрмеуін тарқатуға асыққан тағы бір проблема – Қазақстандағы әуежайларда шетелдік әуе тасымалдаушыларына қымбат бағаға сатылатын жанар-жағармай құны.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Авиациялық жанар-жағармайды біздің ірі компанияларымыз ешқандай делдалдан емес, тікелей сатушыдан алады. Ал транзиттік әуе кемелері оны әуежайлардан сатып алады. Осы жерде делдалдардың саны артады. Сәйкесінше үстіне құн қосылып, баға артады. Біз бұл сұрақтармен қарқынды түрде айналысатын боламыз.

Бұл мәселемен айналысуды жеделдеткен Президенттің Жолдауы болатын. Жүктелген міндеттерді орындау барысында жұмыста босаңсымауды Үкімет басшысы Асқар Мамин де ескертті. Премьер-Министр Жолдауда көрсетілген тапсырмалар бойынша салалық ведомстволар тиісті жобаларды Үкіметке 7 қыркүйекке дейін енгізуді жүктеді. Оны орындауда әр министр жеке жауап беретіндігі де ескертілді.

Риат Шони, тілші:

- Сонымен қатар министрлер кабинеті теміржол билеттерінің қолдан жасалған тапшылығы мәселесін де шешпек. «Бұл түйткілдің түйінін тарқатуда цифрландыру көмек болады», – дейді жауаптылар. Бұдан өзге тасымалдаушы ұлттық комапния қосымша 100 вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Қолға алынған шаралар халыққа қандай пайда беретіндігін алдағы уақытта халықтың өзі бағалайтын болады.

Авторлары: Риат Шони, Айбын Құсанбеков, Әлібек Әлиев