Хабар телеарнасы

Бас прокуратура мәліметінше 7 айда 800 зорлық фактісі тіркелген

Қоғамға қасірет болып келген осы кеселді қалай тойтаруға болады? Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жыныстық зорлық-зомбылық, педофилияға қатысты жазаны қатаңдату туралы Парламент пен Үкіметке тапсырма жүктеді.

«Зорлық көбейді» деген ақпарат жаңалық болудан қалды. Әлеуметтік желіде, қалада, әлдебір ауылда бейтаныс түгілі, ағасы, жездесі, әкесі зорлап кетіпті деген ақпараттан көз тұнады. Ресми дерек бойынша, биыл 800 факті тіркелген. Бейресми мәлімет бойынша, елімізде әр оныншы әйел зорлық көреді. Күш көрсету далада, көлікте, кеңседе, дүкенде, подъезде, тіпті жеделсатыларда жасалады екен.

Дина Смайылова, қоғамдық қор жетекшісі:

- Әйелдер үшін қауіпсіз жер жоқ секілді. Сотта қылмыскер кешірім сұраса, жазаны жеңілдете салады, заңда талай рет зорлыққа барғаны неге ескерілмейді?

Үндемей қалмай, «Не молчи» ұйымына жүгінгендердің бірі – зорланған 16 жасар қыз. Қылмыскер Алматыда «Медеу» мұз айдынының маңындағы дәретханада арам ойын жүзеге асырған. Ол осымен үшінші адамның өміріне балта шауып отыр.

Екі рет түрмеде отырып келсе де, айылын жимаған ол 4 жылға ғана сотталған. Қазіргі заңнамада зорлық ауыр емес, орташа ауыр қылмыс болып көрсетілген.

Арман Мәтжан, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі:

- Президенттің тапсырмасымен кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған зорлық қатаңдатылады. Қылмыстық Кодекстің бірқатар бабын қатаңдату, өзгерту, толықтыру енгізу мәселесі қаралып жатыр.

Түрмеден бөлек, химиялық кастрация амалы қолданылып жатыр. Биыл 90-ға жуық зорлықшыға дәрі егіледі. Бірақ қылмыс азайса, қане?! «Бұл – жан ауруы», – дейді психологтар.

Жанар Өмірханқызы, психотерапевт:

- Адам егер өмірде өз саласын таппай, туа біте берілген қабілет-дарынын қолданбаса, қанағаттанбайды. Жанұяда, өз ортасында түсініспеушілік болса, қолдау, сүйіспеншілік көрмесе, агрессияның күшін молайтады.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Зорлық құрбаны «жұртқа қара бет болмайын» деп қара уайымның жетегінде жалғыз қалады. Тар қапас. Психологтар: «Ауыр күйзелісті сыртқа шығарған маңызды», – дейді. Статистика бойынша, полицияға жүгінгендердің 90% бірнеше жыл бұрын болып кеткен оқиғаны баяндайды екен. Ардан ада азғын тудырған проблеманы қоғам болып қою қараңғылықтан шығармаса болмайды.

Жариялылық мақсатында Бас прокуратура кәмелетке толмағандарды зорлағандардың электрондық картасын әзірлеген. «Бірақ бұл жеткіліксіз», – дейді мамандар.

Дина Смайылова, қоғамдық қорының жетекшісі:

- Химиялық кастрацияның пайдасы аз деген ақпараттар бар. Шетелдегідей «мына үйде зорлықшы тұрады» деп жазып қою керек. Мәселен, автобустарға қалта ұрыларының суреті ілінеді, сол секілді оларды да жариялау керек.

АҚШ-та қылмыскерге балалар жүретін орынға жақындатпайтын білезік тағады, Францияда зорлықшының суреті ол тұратын көшеде, үйде ілулі тұрады. Мұсылман елдерінің көпшілігінде өлім жазасы кесіледі. Біздің елде Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін азғындыққа тұсау салатын шара қабылданатынына сенім зор.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов