Хабар телеарнасы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау арнады

Қазақстан халқына Жолдауын осылай бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған кешенді бағдарламаны жариялады. «Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңа стратегиялық даму бағытын айқындап берді.

Алдағы жылдары Үкіметтің ұраны ашықтық болмақ. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен міндеттерді сапалы орындауымыз қажет. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. «Ел ішіндегі мәселелер шеруге жетпей, Парламент пен Үкіметте шешілуі тиіс», – деді Президент.

Алғашқы саяси қоңырау. Мемлекет басшысының Парламент сессиясын ашып беруі – жаңа маусым басталғанының ғана белгісі емес, ел стратегиялық дамудың жаңа даңғылына түскенін сүйіншілейтін жылдың басты саяси оқиғасы. Халыққа Жолдаудың бағыт-бағдары барлығына бірдей, орындаушыға да, заң шығарушыға да айқын болуы үшін Мемлекет басшысы алғашқы Жолдауын Парламент сессиясының ашылуында жасады. Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі. Бұл – Үкіметтің алдағы жылдары ұран етуі тиіс ұстанымы. Мемлекет басшысы берген алғашқы тапсырмалардың бірі – халықтың ойын алаңдарда ашық жеткізуіне мүмкіндік ұсыну.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егер де бейбіт шеру заңбұзушылық пен азаматтардың тыныштығын бұзуға алып келмесе, түсіністік танытып, белгіленген орындарда жиналуға рұқсат беру керек. Шеру орны қаланың бір шетінде де өткізілмеуі тиіс. Алайда кез келген заңға қайшы әрекеттер, бұзақылық заңға сәйкес жазаланады.

«Ел ішінде бар проблемалар ушығып алаңға жетпестен, депутаттар мен министрлердің кабинеттерінде шешіліп отыруы тиіс», – деді Президент.

Бір кездері қоғамда қызу талқыланған жер сату мәселесі де Жолдауда көрініс тапты. Жер сатылмайтыны – уәде емес, мемлекеттің стратегиялық ұстанымы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін, жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз.

Тиімді игерілген ауыл шаруашылығы жерлері бір жағынан экономикаға сеп болса, екінші міндеті – әлеуметтік мәселелерді шешу. «Себебі мұқтаж топтарға ақша тарату түйінді шешпей отыр», – деді Президент.

Керісінше, 5 жылдың ішінде әлеуметтік көмек сұрайтындардың саны 77 мыңнан 1,5 млн-ға дейін өсіп кеткен. Сондықтан масылдықты тыю үшін балық емес, қармақ беріп қарын тойдыру шаралары қарастырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын және микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді.

Отбасылық бизнес бастап, бір емес, бірнеше әулеттің әлеуметтік жағдайын жақсартып отырған мысалдар аз емес. Талдықорғандық Дәурен Талипов – солардың бірі. Бірнеше мейрамханасы бар кәсіпкер: «Президенттің бастамалары бизнеске үлкен көмек», – дейді.

Дәурен Талипов, кәсіпкер:

- Шағын және орта бизнесті қолдауға алдағы 3 жылда 250 млрд теңге беріледі. Қомақты қаражаттың орынды жұмсалуына жергілікті билік жауапты. Шағын және микробизнеске қолдау ретінде Президент алдағы 3 жылда табысқа салынатын салықты тоқтатып, тексерістерге тыйым салды. Кәсіпкердің құқығы заңмен ерекше қорғалады. Қазақстан бизнес үшін ғана емес, жалпы өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз ел болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз заңдарды жұмсартамыз деп, азаматтардың негізгі құқықтарын көзден таса қалдырдық. Сексуалдық зорлық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы мен әйелдерге, әсіресе балаларға қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жауапкершілігін тез арада қатаңдату керек. Бұл істі Парламент пен Үкіметке тапсырамын.

Қоғам белсенділерінің жақында ғана Президентке тастаған үндеуі бірден Жолдаудан көрініс тауып отыр. Мемлекет басшысы елде браконьерлердің жүгенсіз жүргеніне де ерекше назар аударды.

Аталған проблемалар құқық қорғау органдарының қатарында реформаларды уақыт оздырмай жүргізу керектігіне меңзейді. Бұл жұмысқа 3 жылда 3 млрд теңге бөлінеді. Сақшылардың саны азайып, сапасы артуы үшін жыл соңына дейін әкімшілік полиция деген орган таратылады. Соның есебінен полицейлердің жалақысы көтеріледі. Алайда алмақтың салмағы бар. Президент көргісі келетін полицей халыққа сес көрсететін қарауыл емес, көмек қолын созып, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қамқоршы болуы тиіс. Жолдауда Президент мәдениет қызметкерлері мен кеншілердің табысын арттыруға пәрмен берді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету де бір міндетке кіреді. Президент көптің көкейінде жүрген зейнетақы ақшасын баспана алуға пайдалану мәселесін де көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір жұмыс істейтін адам жинақтаған зейнетақы қорындағы ақшасын зейнетке шыққаннан кейін ғана ала алады. Алайда азаматтардың ол ақшаға ертерек қол жеткізгісі келетіні түсінікті. Үкіметке жыл соңына дейін зейнетақы ақшасын баспана алу, білім алу мақсатында қолдану мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырамын.

Азаматтар жаппай үйлі-күйлі болса, қонақтың күйін кешкен қазақтың жағдайы жақсарады. Ұлт пен ұлыстың мықтылығы күшті мемлекет құрудың кепілі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында! Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін.

«Алайда мақсатқа жету жолында даңғазаға салынбай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деді Президент. Межелеген міндеттердің орындалуы мемлекеттік қызметкерге ғана байланысты емес. Шендінің іскерлігі халықтық дауыс беру арқылы бағаланады.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

- Реформалар реформа үшін жүргізілмеуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұңғыш халыққа Жолдауының түйіні осы болды. Бұған дейінгі жылдары Мемлекет басшысының елдің ендігі дамуына байланысты бағыт-бағдары негізінен билікке салмақ салса, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өзін оң өзгерістерді бірігіп жасауға үндеді.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Азамат Сәметов