Хабар телеарнасы

Ғалымдар жемқорлықпен күрестің негізгі әдістерін ұсынды

Мемлекет басшысы: «Жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл – қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деп айтты. Ғалымдар жемқорлықпен күрестің негізгі 6 әдісін ұсынады.

Алуа Жолдыбалина, ҚСЗИ сарапшысы, саясаттану ғылымдарының PhD докторы:

- Олар: мемлекеттік бағдарламаларды қысқарту, жекешелендіру, реформалау, әкімшілік реформа, коррупцияға қарсы заң, мемлекеттік тапсырыс жүйесін қайта ұйымдастыру.

Бізде бұлардың біразы бұрыннан қолға алынғаны белгілі. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Қазір бұл тәсілдердің қайсысына басымдық беру керек? Әлде кешенді шаралар қажет пе?

Алуа Жолдыбалина, ҚСЗИ сарапшысы, саясаттану ғылымдарының PhD докторы:

- Жемқорлық деңгейін анықтаудың ең кең тараған түрі – әлеуметтік зерттеу. Оған әлеуметтік сауалнама жүргізу, сарапшылардың бағасы мен жалпы көрсеткіштер жатады. Ал сыбайлас жемқорлықтың қаншалықты белең алғанын адамдардың жемқорлыққа деген көзқарасының индексі анықтайды. Бірақ оның өзі де мәселені кең ашып көрсете алмайды, себебі анықталған парақорлық жағдайлары ғана есепке алынады. Жемқорлықпен күресу жоғарғы эшелондардағы вертикальді қарым-қатынастарда ғана емес, өңірлерде де күшейтілуі тиіс. Бұл – тиімді күрестің бір жолы. Сондай-ақ заңнамалық тұрғыда жазаны күшейту мен тәртіптік шаралар жүргізілуі тиіс. Жемқорлықты «қоғамды дендеген кесел» деп бекер айтпаймыз. Ендеше әр адам бұл кеселге қарсы иммунитетті өз бойына өзі сіңіруі тиіс. Яғни қоғамда, адамдар арасында пара беру және алуға жұқпалы дертке қарағандай көзқарас қалыптасуы тиіс.