Хабар телеарнасы

Экономиканы дамыту жолдары туралы Сапарбай Жобаев пікір білдірді

Экономист Сапарбай Жобаев: «Қаржы жүйесін қайта құрылымдау елдің инвестициялық ахуалына оң әсер етеді», – дейді.

Ел экономикасын өсіру жолдары – халықтың табысын арттыру, тұрақты және қарқынды экономикалық өсім, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат. Сіз өз еңбектеріңіз бен дәрістеріңізде экономиканы әртараптандыру мен барлық салада еңбек өнімділігін арттыру туралы жиі айтасыз. Президент Жолдауында қойып отырған міндеттерді жүзеге асырып, одан нәтиже шығуы үшін Үкімет пен Парламент және қаржы ұйымдары қандай шараларды қолға алуы тиіс?

Сапарбай Жобаев, экономист, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы:

- Мен бұған дейін айтып жүргендей елімізде қаржы жүйесін қайта қарау қажет. Президент өзінің Жолдауында да осы туралы айтты. Ол тапсырмаларды орындау үшін біріншіден, заңнамалық өзгертулер қажет. Ол – Парламенттің пәрменінде. Ал жаңарған нормаларды жүзеге асырып, шараларды орындауға қажет қаржыны бюджеттен бөлу мен іске асыру – Үкімет пен тиісті ведомстволардың міндеті. Яғни бұл арада Үкімет пен Парламент ақылдаса отырып, бірлесіп жұмыс істеуі тиіс деп ойлаймын.

Әлем бойынша қандай да бір мемлекеттің экономикалық даму деңгейін қалай білуге болады? Оның көрсеткіш өлшемі қандай? Ол тиісті деңгейде болу үшін ел экономикасының қай салаларына назар аударып, басымдық беру керек деп ойлайсыз?

Сапарбай Жобаев, экономист, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы:

- Кез келген мемлекеттің экономикалық дамуын жалпы ішкі өнімімен анықтауға болатыны белгілі. ЖІӨ – ел аумағында бір жылда өндірілген тауарлар мен қызметтердің нарықтық құнын көрсететін макроэкономикалық көрсеткіш. Яғни оның көлемі жоғары болса, мемлекеттің экономикасы қуатты болады. Егер жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі жоғары болса, онда ол мемлекеттегі өмір сапасы жоғары деген сөз. Халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы, кедейшілік деңгейі төмен, бай мемлекет деп есептеледі.

Қазір экономистердің арасында бұл шын мәніндегі халықтың өмір сүру сапасын, елдің даму деңгейін толық көрсете алмайды деген пікір бар. Бірақ білуімізше басқа көрсеткіштер әзірге жоқ.