Хабар телеарнасы

Азаттығымызды алғаннан кейін қабылданған Конституциямызға биыл 24 жыл

Заңдық жүйеміз кем дегенде осыдан 4-5 ғасыр бұрын жазылып бастады. Ол қалай болды?

Қай кезеңді алмайық, ойшылдарымыз заңның қажеттігін айтып кеткен. Арғы тарихты былай қойғанда, ел болып қалыптасқан тұстан бастап белгілі тәртіп, ереже жиынтығы жасалғанын көруге болады. Мәселен, «Қасым ханның қасқа жолы». Сол кездегі қоғам оны бір ғасырға жуық қолданды. Кейін тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, «Есім ханның ескі жолы» аталған заңдық жүйе өмірге келді. Мақсат – қазақ мемлекетін одан әрі дамытып, ішкі-сыртқы саясатты, экономикалық жүйені реттеп отыру.

Амангелді Қашқынбаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:

- Осы түсінікті біз білуіміз керек. Тарихтан алған бастама тарих арқылы жалғасып кетіп бара жатыр. Ата заң біздің ғасырлар бойы дамып, өрбіп келе жатқан дәстүрге сәйкес жасалған.

Тарихшылар Тәуке хандық құрған жылдарда қазақ елінің абыройы асып, көсегесі көгерген ерекше бір кезең болғанын айтады. Басты ереже, қағидалардың жиынтығы, атақты «Жеті жарғы» еді.

Амангелді Қашқынбаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:

- Ауызша айтылған қағидалар бар. Бірақ заманның ағымына қарай оларды бір қағазға түсіріп немесе міндеттеп, осы мәңгілік деген сияқты қағидалар да болды. Жеті жарғы осыдан шыққан. Одан бара-бара өзінің дәрежесінен айырыла бастады. Ендігі уақытта төрелікті кім айтып отырады? Бұрынғыдай билеріміз, батырлар жоқ.

Кеңестік кезең. Алдымен 1924 жылы, кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізіп тағы екі Конституция өмірге келді. Артынша тәуелсіздігімізді алып, азат ел ретінде 1993 жылы алғашқы Ата заңымыз қабылданды.

Ердәулет Байдуллаев, тілші:

- Мына алып темір қораптарға қарап тұрып өзіңді өндіріс орнында жүргендей сезінесің. Ал шын мәнінде біз ҚР Ұлттық архивінде жүрміз. Ата заңның алғашқы түпнұсқасы осында сақталған. Міне ол осы сөреде. Төрден орын алып тұр.

Басты құжаттың күтімі де ерекше. Сырты қалың қағазбен қапталған. Ылғалдылық, өрт қауіпсіздігі сынды талаптар тағы бар.

Қарлығаш Жабақова, қойма меңгерушісі:

- Ұлттық архив қорында 3.2 қоймасында сақталады. Температурасы 18-19 градусты құрайды. Бұл құжаттарға бізде сұраныс көп. Сондай-ақ заңгерлер, диплом қорғаушылар да келеді.

1995 жылдың 30 тамызы қазіргі Ата заңымыз қабылданды. Оның қағидаттары арқылы еліміз демократиялық жолмен даму бағытын бетке алды.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Мейрамбек Ахмаханова, Есбол Жамшитов