Хабар телеарнасы

Атырау облысында 10 елді мекенге баратын жөнді жол жоқ

Бұл даламен кез келген көлік жүре алмайды. Жергілікті халық жүк таситын немесе жол талғамайтын көлікпен ғана қатынауға мәжбүр.

Құрманғазы ауданындағы жол қатынасы нашар 10 елді мекенде 11 мыңға жуық халық тұрады. Негізгі күнкөріс – мал шаруашылығы. Жазғы жауын-шашын немесе қысты күні қарлы боран кездерінде аудан орталығымен қарым-қатынас мүлде үзіледі. Тек жүк көліктері мен тракторлар ғана жүреді. Ал жол талғамайтын қымбат көліктерді қарапайым ауыл тұрғындары сатып ала алмайды. Шекара маңында орналасқан ауылдар болғандықтан аудан-облыс орталығына кейде Ресей аумағы арқылы айналып келетіндер де бар.

Ізбасар Досахов, автожүргізуші:

- Атырауға бару үшін Балқұдық, Сүйіндікке барамыз. Мына жолмен жүру өте қиын. Сондықтан да көпшілігіміз Астрахань облысына, Қарабалымен айналып Атырауға барамыз. Онда асфальтпен жүреміз. Ал мына жолда жүру мүмкін емес.

Ресей арқылы өту де оңай емес, кедендік рәсімдеуден өтуге де қыруар уақыт пен жүйке қажет. Тұрғындар облыс тұрмақ аудан орталығындағы аурухана, перзентхана, халыққа қызмет көрсету орындарына бару үшін жылдар бойына осындай қиындық көріп келеді. Ал аудан басшылығы жол проблемасын бірден шешуге қауқарсыз. Дегенмен өмір бойы асфальт жол көрмеген ауылдардың бұл мәселесі биыл аз да болса шешілетін секілді. Бастапқы кезеңде екі шақырым жол құрылысын жүргізуге қаражат бөлініпті.

Қайрат Нұртаев, Құрманғазы ауданының әкімі:

- Қазіргі таңда осы жолды жасау мақсатында мердігер анықталды. Биыл сол 11 сорғадағы қиын жолды бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар бұл жолдың 36 шақырымын да баста үшін жобалық-сметалық құжат жасақтауға бюджеттен ақша бөлінді. Келесі жылы осы жобаны аяқтап қалған жолдардағы жұмысты бастау жоспарда тұр. Осы жолдар әрі қарай кезең-кезеңімен жасалатын болады.

Жалпы ұзындығы 300 шақырымға жуықтайтын жолдың қашан толық аяқталары белгісіз. Бірақ жол бойында аз да болса құрылыстың нышаны байқала бастады. Ал тақтайдай тегіс жол түскенше, жергілікті халық жүк көліктері мен тракторларға ғана үміт артады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы