Хабар телеарнасы

«Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы» табысталды

Дәл осы күні Семей ядролық полигоны жабылды. Еліміз үшін ғана емес, тұтас адамзат үшін орны үлкен бұл күні елордада маңызды шара өтті. Ел астанасында «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы» табысталды. Бұл сыйлықтың салмағы қандай? Бейбітшілік марапаты бұл жолы кімдерге бұйырды?

КСРО күйрегеннен кейін Қазақстанның қолында қуатты мұра қалған. Ендігі азат, бірақ тым жас Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналға иелік етіп шыға келді. 104 құрлықаралық, 370 қанатты ядролық зымыран, 1400 ядролық оқтұмсық, 40 стратегиялық бомбалаушы ТУ-95 ұшағы. Бұл Франция, Ұлыбритания және Қытайдың сол кездегі ядролық күштерін қоса алғандағы әлеуеттен де артық болатын. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында тағдыршешті таңдау тұрды. Ядролық қарулы не қарусыз Қазақстан? Мұндай қуатты әлеуеттен бас тарту үшін де саяси ерік-жігер керек еді. Оның үстіне сол сәтте қоғамның бір бөлігі ядролық мәртебені сақтауды жақтап шыға келді. Таңдау жасалды. Биыл ядросыз 28 жыл. Тыныштық пен бейбітшіліктің 28 жылы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Ол кезде КСРО орында тұрған. Әскери адамдардың барлығы күшінде еді. Солардың қарсылығына қарамай Қазақстан бұл мәселені шешіп, халықтың көңілінен шықты. Бұл күллі халқымыз үшін 40 жыл күткен тарихи шешім еді.

Қазір әлемде 9 ядролық держава бар. Олардың иелігінде 15 мың ядролық қару бар деген дерек айтылады. Жүздеген ядролық қару санаулы минуттар ішінде іске қосылуы мүмкін. «Қауіп бар және ол қоюланып келеді», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл жағдай халықаралық қатынастар мен қақтығыстық әлеуеттің ұлғаюымен ушыға түседі. Таяу Шығыстағы, Корей түбегіндегі жағдайлар алаңдаушылық туғызады. Сондай-ақ ирандық ядролық бағдарлама бойынша бірлескен жалпыға ортақ іс-қимылдар жоспары мен «Орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы» шарттың тағдыры да анық болмай тұр.

Демек, адамзат баласы алаңсыз болмауы тиіс. Бұл ретте Қазақстан секілді бейбітсүйгіш елдердің және бейбітсүйгіш тұлғалардың миссиясы тіпті маңызды бола түседі. Жаһан тыныштығын тілейтіндер және оған да үлес қосатындардың еңбегі үлкен не кіші деп бөлінбеуі тиіс. Ең бастысы олар жайында біз, біздің балаларымыз білуі тиіс. «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» да өзегі осы.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Әлемде сыйлық көп, марапаттың да сан түрі бар. Бірақ солардың ішіндегі ең ізгісі – әлемнің тыныштығы үшін табысталатын марапат. Келісіңіз, сыйлықтың төресі осы. Қазақстан және оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастыққа бейбітшіл бастамамен танылды. Сондықтан бейбітшілік пен достық, сенім мен теңдікті дәріптейтін дәл осы марапаттың «Назарбаевтың» сыйлығы деп аталуы және оның басқа жерде емес біздің елордада табысталуы қарапайым ғана заңдылық болмақ.

Сыйлық екі жылда бір рет табысталады. 2016 жылы алғашқы сыйлықты Иорданияның королі Абдалла II иелік етті. Ал биылғы «Назарбаев» сыйлығы бірден екі тұлғаға табысталды. Оның бірі ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы даярлау комиссиясының атқарушы хатшысы Лассина Зербо болса, екіншісі МАГАТЭ-нің бұрынғы басшысы Юкия Аманоға бұйырды. Осы жылдың 18 шілдесінде дүниеден өткен Юкия Аманоның сыйлығы оның інісі Ману Аманоға табысталды. «Менің үлкен ағам...», – деп бастады сөзін ол.

Ману Амано, Юкия Аманоның інісі:

- Менің үлкен ағам бұл өмірден өтпестен бұрын осы сыйлыққа лауреат атанғанын естіді және ол бұл құрметке шын қуанды. МАГАТЭ-нің бас директоры болған сәтте ол Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше мәрте кездесті. Қазақстанға да келді. Ол мұндай жас мемлекеттің ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, күллі әлемде бейбітшілік орнату деген тілегін және үлесін үлкен таңырқаспен қабылдайтын.

Бейбітсүйгіш елдердің жаһандық индексінде Қазақстан 163 елдің арасында 64 орында тұр. «Біз өзіміздің нақты мысалымызбен ілгерілеу мен гүлденуге бейбіт жолмен де жылжуға болатынын дәлелдедік», – деді Елбасы. Сүй деді де, ядролық қарудан азат жаһан құру жолында дәйекті диалог алаңын ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Перед лицом всех современных вызовов и угроз глобальное сообщество должно найти в себе мудрость и сделать решительные шаги в пользу диалога о будущем нашей планеты. Данный диалог будет результативным, если за стол переговоров сядут прежде всего руководители ядерных держав. Я выступил с официальным предложением встретиться в нашей столице основным игрокам в этом деле – руководителям США, России, Китая и других ядерных держав, как это неоднократно происходило в истории, когда главы крупнейших государств всегда брали на себя ответственность за завтрашний день человечества. Так было после Первой мировой войны, после Второй мировой войны, в результате чего создалась ООН. Мне кажется, что сейчас время сесть и договориться, потому что все конфликты заканчиваются переговорами.

Елбасының тағы бір ойы, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекетке ядролық державалар қауіпсіздік кепілін беруі тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Члены ядерного клуба должны принять на себя обязательства и ограничения в пользу корректировки их политики в сфере оружия массового уничтожения. Прежде всего здесь важно, чтобы они свернули в традиционную практику поддержания модернизации ядерных комплексов.

«Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» табыстау рәсімінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш те қатысушыларға арнайы бейнеүндеу жолдап, қазақ елінің осы бағыттағы маңызды қадамдарын атап өтті.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Мен үшін ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні осы жиында сөз сөйлеу мақтаныш. БҰҰ-ның негізгі басым бағыты – ядролық қаруды таратпау және әлемде қауіпсіздік орнату. Қазақстан – бұл салада біздің негізгі әріптестеріміздің бірі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпауда сіңірген еңбегі зор. Бүгінде қарусыздану мәселесі сын-қатерлерге толы, онымен күрес қиындап барады. Халықаралық қауымдастық жалпыға ортақ осы жағдаймен күресу үшін бірлесе әрекет етуі қажет. Сондықтан мен сіздердің жан-жақты қолдауларыңызды күтемін.

Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Өзімен тілектес адамдарды жоғары құрметтейді. Табысталған сыйлық сол зор құрметтің айғағы.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Саметов