Хабар телеарнасы

«Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы қалай жүріп жатыр?

Әсіресе Қарағанды облысы газды тартуға тыңғылықты әзірленген. Ал елорда керісінше, көгілдір отынның келуіне аса дайын болмай шықты. Энергетика министрлігінің алқа отырысында министр Қанат Бозымбаев Нұр-Сұлтан қаласы бойынша газды тартудың жаңа жол картасын әзірлеуді ұсынып, ескі жол картасын жүзеге асыра алмаған жауапты тұлғаларды тәртіптік жазаға тартуды тапсырды.

Енді үш күннен соң жаз бітеді. Алда қоңыр күз, сосын қытымыр қыс. Демек, Көктал тағы көк түтінге оранады. 72 жастағы Ханшайым Бекова қытымыр қыста пеш жағады, жазда бақша егеді. Әсіресе арқаның ұзақ әрі қытымыр қысы қарияны қинайды. Ал көмір жағу біріншіден бейнет болса, екіншіден арзан емес.

Ханшайым Бекова, қала тұрғыны:

- Үш рет 6 тоннадан аламыз, кейде 4 реттен де аламыз. Көп көмір кетеді. Қыс қатты болғандықтан, маусымға дейін от жағамыз. Бұрынғыдай жаз жоқ.

Көкталдықтар көгілдір газды көп күттік дейді. Тіпті күдерін де үзе бастаған. Дегенмен енді бір жыл күтсе, содан соң астанаға газ келмек. Энергетика министрлігінде өткен алқалы отырыс «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысына арналды. «Барлық жұмыс кесте бойынша жүргізіліп келеді», – дейді жауаптылар.

Зияш Қияқбаев, ҚР Энергетика министрлігінің Газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры:

- Осы жылдың аяғына дейін магистральдік газ құбыры толығымен бітетін болады. Автоматтандырылған газ тарату станциялары да бірге бітеді. Ол атап өткен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалалары және Нұр-Сұлтан қаласында станциялар болмақ.

«Сарырақа» мегажобасының құрылысын өткен жылдың 11 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаев өзі бастап берген болатын. «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-сұлтан – Көкшетау – Петропавл» бағытында жүретін газ құбыры 4 кезеңге бөлінген. Жобаның жалпы құны 267 млрд теңгені құрайды. Газды қосуға Жезқазған қазір дайын. Жыл соңында алғашқы тұтынушыларға көгілдір газ беріледі.

Ермағанбет Бөлекбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Жыл соңына дейін Қарағанды мен Теміртау қаласының 2 көшесіне газ құбырын тартуды жоспарлап отырмыз. Яғни 2 мыңнан астам жеке үйге газ беріледі. Тариф мәселесі әлі де талқыланып жатыр. Бұл жоба тек біздің облыстың өзінде 1 млн 100 мың адамды қамтиды. 6 қала мен 100-ден астам мекенді басып өтеді. Демек, алдағы 6-7 жылда бұл ауқымды жұмыс жалғаса береді.

Газ құбыры жыл соңында астанаға жетеді. Бірақ бас орда дайын болмай шықты. Сала министрі Қанат Бозымбаев әкімдіктің жауапты қызметкерлеріне біраз сын айтты. «Сарыарқа» жобасына жауапсыз қарағандарды тәртіптік жазаға тартып, аты-жөнін Президент әкімшілігіне жолдайтынын айтты.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Нұр-Сұлтандағы №1 және №2 іске қосу кешенінің құрылысы тоқтап қалды. Жол картасында құрылыстың сәуір айында басталып, осы жылдың желтоқсанында аяқталатыны жоспарланған. Бірақ сіздер бірде-бір нысан бойынша жұмысты бастаған жоқсыздар. Біз республикалық бюджеттен сіздерге 2,7 млрд теңге бөліп, жергілікті бюджетке аудардық. Бұл қаражаттың бір тиыны да игерілмей жатыр.

Одан бөлек Астанадағы №1 және №2 жылу электр орталығы әлі күнге дейін жаңғырту жұмыстарына дайын емес. Ол жайында да айтылды. Демек, газ іргеге келгенмен, оның игілігін елордалықтар әзірге көре алмайды. Себебі Астанаға келетін газдың 90% осы екі жылу электр орталығы арқылы таралады.

Ермек Қизатов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:

- ТЭЦ-қа қиын ешқандай газ қосылмайды. Ендігі жылы қосыла бастайды. Биыл үлгермейміз. Бір күнде ауыстыратын оңай жұмыс емес.

Көгілдір отынның тағы бір қажеттілігі – экология. Тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша газға көшу процесі ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады деген болжам бар.

Мұсағали Дуамбеков, халықаралық экология академиясының президенті:

- Қаңтар айында Пекинде болдым. Олар осыдан 4-5 жыл бұрын дәнекермен жүрген. Пекинді және оның аумағындағы қалаларға көмірді пайдалануға тиым салған. Бізге де солай ету керек.

Ханшайым Бекова тағы бір қысқа дайындықты бастап кетті. Кеше кіші ұлы көмір түсірді. Өмір бойы пеш жағып өткен қария тағы бір жыл күте тұруға үнсіз ғана келісті де, күйбең тірлігіне қайта кірісті.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ермек Кеншимбек