Хабар телеарнасы

Алматыда 3 адамды көлікпен қаққандар ісі тергелуде

Зардап шеккен азамат: «Рөлдегілер бізді басқа біреумен шатастырып алды», – десе, «бірнеше адамды қасақана қақты» деп айып тағылған екі азаматтың анасы әлеуметтік желіге балаларына бөтен біреулердің шабуыл жасағанын айтып, бейнежазба қалдырды.

Бірнеше адамды жол ортасында қуалап жүріп қаққан екі көліктің рөлінде ағайындылар болған. Олардың анасы Нәзира Әликееваның айтуынша, туыс бауырының туған күнін атап өтіп, кафеден шыққан оның екі ұлына танымайтын біреулер тап берген. Екі топтың ерегесінің соңы төбелеске ұласқан.

Нәзира Әликеева, айыпталушылардың анасы:

- Интернетте Toyota Avensis көлігінің үш жігітті қаққан бейнежазбасы шықты. Ал оған дейін не болғаны түсірілмеген. Ұлым 25 тамыз күні туыс бауырының туған күнін атап өтуге караокеге барады. Сол жерден шыққан оған белгісіз біреулер тиіскен. Олардың жасы менің ұлымнан әлдеқайда үлкен.

Оқиғадан зардап шеккен Сергей Хан қазір ауруханада ем алып жатыр. Аяғы мен қолы сынған оған дәрігерлер ота жасаған. Ол журналистерге сұхбат берді. Жәбірленушінің айтуынша, көліктегі азаматтар бұларды басқа біреулермен шатастырған болу керек.

Сергей Хан, зардап шегуші:

- Көрші ғимаратта көңіл көтеріп отырған азаматтар өзара бір нәрсеге келіспей қалған сияқты, бұл уақытта біз дүкеннен шыққанбыз. Содан бізге қарап дауыс көтеріп, балағат сөздер айта бастады. Біз де қарап тұрмадық. Ерегес ұлғайып, жолға шығып кеттік. Екі жігіт көлікке отырып, жолда бізді қорқытпақ болып айнала жүрді. Біз: «Тоқтаңдар, жағдайды анықтайық», – деп айқайладық. Ақ көлік біздің алдымызға келіп тоқтай қалғанда, артынан қара көлік келіп қақты.

«Қалай болғанда да қылмыс болғаны анық. Жасағандар жауапқа тартылады. Бұл әрекет «Бұзақылық» бабымен емес, «Кісі өлтіруге оқталу» бабымен қарастырылуы тиіс», – дейді адвокат Есімбол Мамырханов.

Есімбол Мамырханов, адвокат:

- Айыпталушылардың анасының «Көлікті олар өз қауіпсіздігі үшін қолданды» деген желідегі пікірі ақылға сыймайды. Бейнежазбадан олардың адамдарды мақсатты түрде қаққаны анық көрініп тұр. Ал екінші айыпталушының құқық қорғау органдарынан қашуы оның қылмысын үстемелемейді. Дегенмен өзі келіп, мойнына алса, жеңілдік болады. Ал екі жақтың бітімгершілік жасауы мүмкін емес, бұл ауыр қылмыс болып есептеледі.

Айта кетейік, үш адамды қасақана қаққан екі азаматтың бірі қолға түсті. Аты-жөні мәлім, екінші күдікті әлі іздестірілуде.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев