Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 10 жылға сотталды

Ақтауда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Серік Аманғалиевке қатысты үкім шығарды. Экс-шенеунік былтыр қараша айында аса ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталған болатын. Серік Аманғалиевке «мемлекеттік қызметке қарсы аса ауыр көлемде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады» деген айып тағылған еді. Ол Ақтауда мұз сарайын салмақ болған кәсіпкерді өз қамқорлығына аламын деп, одан қомақты пара алған. Ұлттық бюроның мәліметінше, айыпталушы қызметі үшін 400 мың евро талап еткен. Оның 150 мыңы ұсталған кезде қылмыскердің сөмкесінен табылған. Өткен жылы 5 қарашада ол сот санкциясымен қамауға алынған еді. Бір ай бұрын басталған қылмыстық іске нүкте қойылды.

Гафур Шаров, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрешісі:

- Қылмыстық кодекстің 366-бабындағы 4 бөлігімен айыпталған Аманғалиев Серік кінәлі деп танылсын. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Сот Қазақстан Республикасының Президентіне Серік Аманғалиевті «Құрмет» ордені наградасынан айыру туралы ұсыныс та енгізді. Айыпталушының қорғаушылары сот шешіміне қарсы шағым түсіруге бекініп отыр. Ал әзірше Серік Аманғалиев қауіптілігі төмен түзеу мекемесінде жазасын өтейтін болады.

Сәуле Көпжанова, Серік Аманғалиевтің қорғаушысы:

- Біз сот шешіміне риза емеспіз. Соттан қомақты айыппұл салады деп үміттендік. Менің қорғауымдағы азаматты бас бостандығынан айырғаннан гөрі одан үлкен көлемдегі қаржыны өндірген әлдеқайда тиімді болар еді. Мемлекет ол қаржыға аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар тұрғызар еді. Жемқорлар қарақшы, зорлық жасаушылар сияқты қоғамға физикалық қауіп төндірмейді ғой, сол себепті айыппұл салу керек еді.