Хабар телеарнасы

Түркістанда әлеуметтік аз қамтылған тұрғындардың баспана мәселесі көтерілді

Биыл жыл соңына дейін 1500 пәтер пайдалануға берілмек. Жаңа баспаналар кімдерге беріледі? Сондай-ақ өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

Түркістан қаласында халыққа жаңа баспана соңғы рет 2016 жылы берілген. Ол кезде көпқабатты 12 үй тапсырылыпты. Шаһар облыс орталығы болғалы, мұнда тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Қазір мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы мен жекешелендіру құқығынсыз берілетін коммуналдық үйлер салынып, баспанаға мұқтаж жандарға берілмек. Нұриддин Ысқақов – 3 баланың әкесі. Келіншегі мұғалім болып жұмыс жасайды. Отбасы жаңа баспанадан үмітті.

Нұриддин Ысқақов, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Әйелім мұғалім болып жұмыс істейді. Оның атынан құжат өткізіп жатырмыз. Құдай қаласа, биыл үй аламыз деп үміттеніп отырмыз.

Түркістан қаласында 10 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. 2500-ден астамы көпбалалы отбасы, 2600-і бюджеттік сала қызметкері, 3000-ға жуығы аз қамтылған отбасы және 264 жетім бала мен үйі апатты деп танылған 11 отбасы бар.

Рашид Аюпов, Түркістан қаласының әкімі:

- 660 пәтер бітуге жақын, бір айда беріледі. Тұрғын үй заңына сәйкес 5 топтан тұратын азаматтарға беріледі. Жыл соңына дейін тағы да 600 пәтер береміз. Тағы 6 үйді сатып аламыз, сонда биыл 1500-дей баспана беріледі.

Сонымен қатар өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тапсырылған құжаттар тексеріліп жатыр.

Әбутәліп Асанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- 19 жылға 2% үстемемен берілетін қаржының алғашқы 10% жарнасын төлеу керек. Осы бағдарламаға өтініш білдіріп, бізге келген 15 отбасыға банкке жолдама бердік. Төлем қабілеті банк тарапынан қолдау тапса, олар баспана алу мүмкіндігіне ие болады.

Түркістанда мемлекеттік «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары бойынша 60 шақты көпқабатты үй салынуда. Барлығы келесі жылы пайдалануға беріліп, 4 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы