Хабар телеарнасы

Тянь-Шань тауында жоғалған алматылық альпинистер әлі табылмады

Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді. Құтқару операциясын жүргізуге ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде. Бұған қоса альпинистердің нақты қай аумақта жоғалғанының анықталмауы да жағдайды қиындатқан. Дегенмен қазақстандық құтқарушылар іздеу жұмыстарын қайта бастады. Еске салсақ, 4 тамыз күні 3 қазақстандық альпинист Жеңіс шыңына көтерілген болатын. Теңіз деңгейінен 6600 метр биіктікте ауа райының қолайсыздығына байланысты альпинистер құрал-жабдықтарынан айырылған. Бірақ Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев көмек керектігін айтып үлгерген. Сонымен қатар олар үшінші альпинист Александр Чечулиннің өкпесі ісінгеннен қайтыс болғанын хабарлаған.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қырғызстан территориясындағы іздеу жұмыстарын жүргізіп, тікұшақпен ұшу үшін шекарашылардан арнайы рұқсат алынды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты біздің тікұшағымыз ұша алмады. Сағат 10:00-де құтқару операциясы қайта жалғасты. Әуе кемесі таулы аймақта ұшуға арнайы жасақталған. Дегенмен теңіз деңгейінен 6000 метр биіктікке бірде-бір әуе кемесі көтерілмейді. Сондықтан тікұшақ бара алмайтын жерлерде құтқарушылар өздері іздейді.

Іздестіру жұмыстары жалғасуда. Қазақстандық әскери альпинистер жоғалған әріптестерін іздестіріп, Жеңіс шыңын тікұшақпен ұшып өтті. Тау шыңын барлығы 8 рет айналып шықты. Оның екеуінде 6 мың метр биіктіктен бақылау жүргізілді. Іздестіру жұмыстары жылулы бақылау құрылғыларының көмегімен жүзеге асырылуда. Қазір алынған мәліметтерге талдау жүргізіліп жатыр. Қорытынды бойынша жоспар әзірленетін болады.

Ал жоғалған альпинист Мұрат Өтепбаевтың жары мен қызы журналистерге сұхбат берді. Олар тиісті органдардың іздеу жұмыстарын тоқтатпауын өтініп отыр.

Шахаризада Шахбутова, Мұрат Өтепбаевтың әйелі:

- Мен ел Президентінен, Қорғаныс және Ішкі істер министрлерінен алпинистерді іздестіру жұмыстарын тоқтатпауды сұраймын. Менің жолдасым – өте тәжірибелі альпинист. Тауда үңгірлер мен шатқалдар көп. Олар сол жерде болуы мүмкін