Хабар телеарнасы

Ертіс өңірінде микросфера өндірісі қарқын алмақ

Жоғары сұранысқа ие шикізаттың құрамында құрылысқа, мұнай өндірісіне, тіпті әуеғарыш саласына қажетті материалдар бар. Қымбат күл талан-таражға түспес үшін аймақта қайта өңдеу кәсіпорындарының желісін арттыру көзделуде.

Ақсу қаласының күл үйінділерінде заңсыз қазба жұмыстары осы жылдың мамырында тіркелді. Дала төсін шаңға басқан ауыр көліктерді тізгіндеген азаматтар шикізатты қаптарға жинап, қара нарыққа жөнелтеді. Мамандардың айтуынша, микросфераның бір тоннасы 120 мың теңге тұрады.

Дархан Исжанов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Бұл аумаққа көліктердің кіруіне шектеу қойылды. Кіреберіс жолдар жабылды. Бұрын күл алынған жерлер бақылауға алынды. Дегенмен стихиялық қазу жұмыстары тағы да қайталануы мүмкін.

Бүгінгі күнге дейін заңсыз күл алу деректері бойынша 11 заңды тұлға жауапқа тартылды. Ал аумақ Павлодар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының иелігіне берілді. Енді тәртіп орнамақ. Ал күл инновациялық әдіспен қайта өңделеді.

Бұл кәсіпорында бір тәулікте алюмосиликатты микросфераның 40 тоннасына дейін өндіріледі. Қазіргі уақытта осындай арнайы қаптамаларға салынған өнім Германияға экспортталуға дайындалып жатыр. Алдағы уақытта шикізаттың тағы бір легі АҚШ-қа жөнелтілмек.

Екі гектардай жерді алып атқан зауыт «Павлодар» арнайы экономикалық аумағында орналасқан. Жылдық қуаттылығы 13 мың тоннаға жетеді. Күл Екібастұз электр станцияларынан тасымалданады. Олар кептіріліп, тазартылады. Нәтижесінде жеңіл фракциялы микросфера алынады.

Дмитрий Гребенщиков, кәсіпорынның бас директоры:

- Заңсыз қазба жұмыстары салдарынан шикізат жетіспейді. Көлеңкелі бизнес қарқын алған. Осындай деректерге тосқауыл қойылса, өндірістік қуаттылығымызды арттыруға мүмкіндік бар. Біз шикізатты Екібастұз электр станциясының күл үйінділерінен аламыз.

Облыста электр және жылу станциялары көптеп шоғырланған. Сәйкесінше күл қалдықтарын қайта өңдеуге инвесторлардың қызығушылығы зор. Экономикалық аймақта жыл соңына дейін жеті ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында күлді өңдеу зауыты да бар.

Қайрат Қайыркенов, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасының орынбасары

- Зауыттың жылдық қуаттылығы – 12 мың тонна өнім. 30 жұмыс орны ашылады. Шикізат Ақсу электр станциясының үйінділерінен жеткізіледі. Ал дайын өнім экспортқа бағытталады. Мұндай өнім Еуропада зор сұранысқа ие.

Бұл іске 1,5 млрд теңге инвестиция құйылады. Мамандардың айтуынша, көлеңкелі бизнеспен күрес жұмыстары нәтижесін берсе, өндірістік қуаттылықты 2-3 есе арттыруға болады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков