Хабар телеарнасы

Алматыдағы айналма жолда шектік жылдамдық 80-ге қайта көтерілді

Жақында ғана қызметіне кіріскен Бақытжан Сағынтаев қала көшелерін реттеуді қолға алды. Шаһар басшысы кеше әл-Фараби даңғылы мен шығыс айналма жолына 80 шақырым жылдамдықты қайтару және Байтұрсынов мен Қонаев көшелеріндегі веложолды алып тастау туралы шешім шығарды.

«Мұндай шешім қабылдауға қалалық Қоғамдық кеңестің ұсыныстары мен қала тұрғындарының өтініштері себеп болды», – деді Бақытжан Әбдірұлы өзінің әлеуметтік парақшасында. Естеріңізде болса қаңтар айында Алматыдағы әл-Фараби даңғылы мен шығыс айналма жолындағы жылдамдық сағатына 60 шақырымға төмендетілген еді. Сол кезде ұсынысты бірауыздан қолдаған Қоғамдық кеңес мүшелері енді жылдамдықты бұрынғы қалпына келтіру туралы шешімді құптап отыр.

Рахман Алшанов, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы:

- Енді өмір бір орында тұрмайды ғой, ертең бір қабылдаған шешім өмірлігін дәлелдемесе, басқа шешім қабылдау керек. Қатып қалған шешім жоқ. Халыққа қалай ыңғайлы, сондай шешім қабылдау керек.

Қала тұрғындарының пікірі сан алуан. Біреулер жылдамдықтың артқаны дұрыс десе, енді біреулері бұл шешімге наразы. Мамандардың да пікірі екіге жарылған. Қазақстан автомобилистер одағының төрағасы Эдуард Эдоков: «Алматы секілді ірі мегаполистерде айналма жолдардың болуы заңдылық және бұл көшелерде көлік жылдамдығы сағатына 80 шақырымнан төмен болмауы тиіс», – десе, «Автоэксперт» журналының бас редакторы Алексей Алексеев: «Әлемдік тәжірибе қала орталықтарындағы жылдамдық көрсеткіштері сағатына 50 шақырым. Ал біз қайтадан кері кетіп барамыз. Бұл өзгерістер мен үшін түсініксіз», – дейді. Әл-Фараби көшесіндегі өзгерістерге сәйкес Полиция департаментінің қызметкерлері бірқатар шараны қолға алмақ.

Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Жолдың бойындағы басқа да сызбаларды ауыстыратын болады. Сонымен қатар арнайы бейнекамералардың жұмысы да өзгертілетін болады. Бұл 1-2 күннің шаруасы емес, міндетті түрде уақыт керек. Сондықтан азаматтарды алдына ала ескертетін боламыз.

Сондай-ақ Байтұрсынов пен Қонаев көшесіндегі екі жақты веложолдың бір шеті алынатын болды. «Бұл шешім аталған көшелерде орналасқан шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында енгізілді. Яғни веложолдың орнына көлік тұрағын орналастырамыз», – деді қала әкімі.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев, Кенже Амраев