Хабар телеарнасы

Ақмола облысында 5 адам сібір жарасын жұқтырды

Бұл туралы Көкшетауда өткен брифингте облыстың бас ветеринары Базарбай Бұлашев мәлімдеді. Қазір екінші малдың сатылған еті аудан көлеміндегі алып-сатарлардан тәркіленді. Ал біріншісі өте арық болған соң иесі оны арнайы орынға алып барып, етімен қоса өртеп жіберген. Малдар екі адамға тиесілі болған. Ауруға шалдыққан соң, қожайындары ірі қараларды союға мәжбүр болыпты. Біреуі 1 тамызда, ал екіншісі 6 тамызда бауыздалған. Ал 12 тамызда жауапты мекемелерге Ольгинка ауылында сібір жарасының белгілері пайда болғаны туралы ақпарат келіп түседі. Оның үстіне қасапшы ауырып, дәрігердің көмегіне жүгінген. Тексерістердің нәтижесінде тек 16 тамыз күні аталған дерт расталып отыр.

Айта кетейік, көктемде ғана ауылдағы малдардың барлығына сібір жарасына қарсы екпе жасалған екен. Қазір сол елді мекенде еліміздегі екі бірдей ғылыми-зерттеу институтының мамандары малдардың бұл ауруды қалай жұқтырғанын анықтап жатыр.

Базарбай Бұлашев, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:

- Әр вакцинада 100% иммунитет болмайды. Мысалы 332 бастың бәрін екті. Мавровскийдің үйінде 30 шақты мал бар. Сол малдың ішінен бір бұқаша ауырды.

Болат Әбішев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Сібір жарасын жұқтырып, ауруханаға түскен 5 адамның жағдайы қазір тұрақты. Дене қызулары түсті. Олар қазір антибактериалды терапияның бірнеше түрін алып жатыр. Бір айта кетерлігі, сібір жарасының теріге түскен формасы емдеуге өте ыңғайлы келеді. Сондықтан қорқатын ештеңе жоқ.