Хабар телеарнасы

Арыстағы төтенше жағдайдан кейін 754 азаматтың құжаты қалпына келтірілді

Тұрғындардың кейбірі апат кезінде құжаттарын жоғалтып алса, енді бірінікі өртеніп кеткен. Жарылыстан Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты зақымданған. Қазір қалыпты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ жүз жылдан аса тарихы бар теміржол вокзалы да қайта қалпына келтірілуде. Көне ғимарат өзінің бастапқыдағы сәулеттік ерекшеліктерін сақтап қалатын болады.

Мүслима Рахымжанова – жеке кәсіпкер. Мейрамханасы мен жиһаз шығаратын цехы бар. Арыс қаласының тұрғыны кәсіпкерлерге облыс әкімдігі тарапынан 1% жеңілдікпен 5 млн теңгеге дейін несие берілетінін естіп, құжат жинауға кіріскен. Зейнет жасындағы ананың бизнестің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп отырғандығы көптеген жастарға сенім ұялатады. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жастардың барлығы Мүслима апайды таниды. Құжатын дайындап, көмектерін аямайды.

Мүслима Рахымжанова, жеке кәсіпкер:

- Бұл жерде кезек болмайды, тез-тез жіберіп жатыр. Мемлекетке, жергілікті әкімдікке рахмет. Мына ғимаратты қалыпқа келтірді. Қазір халықтың бәрі салқын жерде демалып отырып, қызметтерін жасап жатыр. Мен кәсіпкер болғандықтан, аптасына 2-3 рет келіп кетемін. Қазіргі күні Арыс қаласы өз орнына келіп жатыр.

Арыстағы жарылыс кезінде Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты да зақымданды. Қалпына келтірілгенше қызметкерлерге тұрғындарды далада отырып қабылдауға тура келген. Шілде айының өзінде орталықтың қызметіне 30 мыңға жуық адам жүгініпті.

Айдар Ысқақов, Арыс қалалық ХҚКО бөлім басшысы:

- Төтенше жағдайдан кейін Арыс қаласында көп тұрғынның құжаттары жоғалып, өртеніп кеткен болатын. Ал тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін баспананың техникалық құжаттары қажет болды. Қазіргі таңда біздің коорпорация тарапынан осы азаматтардың тұрғын үйлерінің техникалық құжаттары тегін жасалып берілуде.

Арыстағы апаттан теміржол вокзалы да зақымданды. Іргетасы 1904 жылы қаланған көне ғимараттың іші-сырты толық жаңғыртылуда. Қалпына келтіру жұмыстарына осы саланы жетік білетін кәсіби мамандар мен тәуелсіз сарапшылар тартылған. Олар тарихи нысанның бастапқыдағы сәулеттік ерекшеліктерінің сақталуын қадағалайтын болады.

Қанат Тұяқбаев, «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының кеңесшісі:

- Бұл ғимараттың ішкі қабаттарының бастапқыдағы әрленуі қандай болды? Қандай бояу қолданылғанын алып, Алматыдағы мамандандырылған зертханаға жібердік. Еш жері ұмыт қалған жоқ. Ол жерде мамандар барлығын зерттеп, анықтап береді. Бірақ ол ұзақ уақытты алады. Содан кейін мәдени ескерткіштерді сақтау, пайдалану, қорғау заңы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен жергілікті әкімшіліктің келісімімен барлығы бастапқыдай қалпына келтіріледі.

Сәдуақас Ағытаев, тәуелсіз сарапшы:

- Уақыт деген нәрсе қысылтаяң болғандықтан, қазір сыртын темірмен уақытша қаптап жатыр. Нысанның барлық бөлігі құжат бойынша суретке түсіріліп, альбом болып жасалып қойған. Кез келген жерін ашып алып, әрі қарай жаңғыртуға толық мүмкіншілік бар. Сондықтан жұмыстың барлығы заң аясында жасалып жатыр деп айтуға болады.

Мамандардың айтуынша, вокзал бұған дейін төрт рет күрделі жөндеуден өткен. Қалпына келтіру кезінде құрылысшылар ғимараттың тарихи құндылықтарына ешқандай зиян келтірмеген. Тіпті төбесіндегі ағаштарына дейін сол қалпында сақталғанын айтады. Бір ғасырдан аса уақыт халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан тарихи нысан жақында қайта ашылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы