Хабар телеарнасы

Тамыз конференциясында айтылған мәселелер қашан шешімін табады?

Бұл жайында тамыз конференциясында ҚР Білім және ғылым министрі айтты. Асхат Аймағамбетов бүлдіршіндерді балабақшаларға 2 жастан қабылдау мәселесі қайта қарастырылатындығын мәлімдеді.

Көпшіліктің көңілінен шыққан жағымды жаңалықтардың бірі оқушылар әліппені қолдарына қайта алатын болды. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2021 жылы латын әліпбиіне көшумен қатар, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізілетінін атап өтті.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Әліппе Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізіледі. Дәл сол әліппе деп отырған жоқпыз. Өйткені оның ішкі дүниесі, мәтіндері өзгерді. Біз егеменді елде тұрып жатырмыз. Сол себепті ішкі құрылымы қазіргі уақытқа бейімделіп өзгеретін болады. Бірақ қазақ тіліне бейімделінген Ахмет Байтұрсынов методикасының негізінде болуы керек.

Апта басында шу шығарған оқулықтардағы қателер, баспаханалардың өз есебінен түзетілетін болады. Бұл жұмыс жақын арада орындалуы тиіс. Өйткені оқушылар жаңа оқу жылы басталғанда қолдарына сапалы кітаптарды алулары керек.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Баяндаманың ішінде ерекше орын алған сапа мәселесі болды. Қалай болғанда да жастарға білім бере отырып, тәрбие жұмысын ұмытпау керек. Ең бастысы ата-аналар, ұстаздар балаларды бірігіп дайындауымыз керек. Осы мәселелерге ерекше көңіл бөлінді.

Тағы бір ескерері, қазір қолданыста жүрген білім беру бағдарламасының мерзімі аяқталуға шақ. Жыл соңына дейін министрлік 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаны қабылдауы тиіс. «Бұл бағытта көптеген сарапшы мен қоғам өкілдерінің басын қосып, жобаны әзірлеп жатырмыз», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Мен өзім мұғалімдерді, ауыл мектептерінің ұстаздарын, сарапшылардың басын қосып жиындар өткіздім. Бұрынғы министрлермен, басшылармен түйткілді мәселелерді талқылап, жобаны әзірлеп жатырмыз. Ол педагогтер мен ата-аналардың көңілінен шығады деген ойдамын.

Жоба қазан айына дейін әзірленіп, жалпы халықтың талқылауына шығарылады деп жоспарланған. Кейін жыл соңына дейін жаңа бағдарлама бекітіледі деп күтілуде. «Сонымен тамыз конференциясының арқасында көп мәселенің басы ашылды», – дейді қатысушылар.

Арман Темірқұл, БҚО Білім-инновация лицейінің директоры:

- Жаңа идеялар мен Қазақстанның білім саласының көтерілуіне үлкен ықпал, локомотив конференция деп түсінеміз. Білім саласындағы қазіргі тенденциядағы жаңа трендтер мен жаңа методикаларды осы жерде талқылауға болады.

Бала сапалы білім алуы үшін мектептің жайлылығы, оқулықтың сауатты жазылуы, мұғалімнің мәртебесіне біліктілігі сай болуы қажет. Керегі осы ғана.

Авторлары: Риат Шони, Азамат Сәметов