Хабар телеарнасы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің бірқатар саласында тың ізденістер мен жаңалықтар болды

Мысалы «Сакралды география» жобасы аясында 60-тан астам зерттеу-іздестіру экспедициялары өтті. 86 монография жарық көрді, 67 ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Былтыр «Ботай» археологиялық паркі ашылды. Соның арқасында мұнда туризм бизнесі дамуда. Ал келер жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы атап өтіледі. Қазір мерейтойды тиісті деңгейде атап өту үшін мемлекеттік комиссия құрылып, оның құрамына зиялы қауым өкілдері енген. Ал шара үшін жауапты ведомство ұлы ойшылдың 175 жылдығын республика көлемінде атап өтудің арнайы жоспарын құрыпты.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Жоспарға 100-ге жуық іс-шара енді. Кітаптар шығарылады, спектакльдер қойылып, қоғамдық маңызы бар шаралар өткізілетін болады. Әлеуметтік желілер мен кино саласында да бірқатар қызықты жоба қарастырылған. Жалпылай алғанда ұлы ақынның маңыздылығын тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде насихаттау жоспарланған.

Қазақстанды әлемге танытып жүрген замандастарымыз да баршылық. Нұр-Сұлтан, Лондон, Мәскеу. Енді қазақстандық жезтаңдай әнші Димаш Құдайберген Нью-Йорк қаласында да концерт беруді жоспарлауда. Қазір қызу келіссөздер жүргізіліп, үлкен зал іздестіріліп жатыр екен.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Қазіргі таңда біздің министрлік келіссөздер жүргізіп жатыр. Бірнеше концерт залы ұсынылды. Біз енді Димаштың талант деңгейіне сай келетін залды таңдайтын боламыз. Қандай зал болатындығын алдағы уақытта хабарлаймыз және де билеттер сатылымға шығарылатын болады.