Хабар телеарнасы

Қызылорда облысының Арал, Қазалы аудандарында ауызсу құбырын ұрлау тыйылар емес

65 елді мекеннің 130 мыңдай тұрғынын тәулік бойы тіршілік нәрімен қамтуда маңызы зор магистральды желінің кім көрінгеннің жемтігіне айналғанына тұрғындар да алаңдаулы.

Ен даланы бойлай, екі метрдей тереңдікке көмілген, диаметрі мың милиметрлік мықты құбырларды қазып алу үшін ауыр техника да жұмылдырылады екен. Кезінде Елбасы іске қосқан «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының ескі желісінің талан-таражға түсіп жатқаны тұрғындардың жанына батып отыр.

Шыңғыс Мәмбетжанов, Қосаман ауылының тұрғыны:

- Мемлекеттің меншігінен әзірге алынған жоқ. Темір трубаларды қазып, алып кетушілер көбейді. Трубаны сындырып, ішіндегі қаңылтырын өткізуге құмартушыларға тосқауыл жасап келе жатырмыз.

«Осылай жалғаса берсе, сусыз қаламыз ба?!», – деп алаңдаған тұрғындар мемлекет мүлкіне қол салуды қалай да тоқтатуды сұрайды. Ал аталған су құбырына тікелей жауапты кәсіпорынның мамандары бұл бассыздықтың 6 жылдан бері жалғасып келетінін, содан бері 86 шақырым құбыр қолды болғанын айтты. 2013 жылы жаңа магистральды желі іске қосылған бойда, қосалқы көне құбырға қызығушылар көбейген.

Ислам Қаппаров, «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры бөлімшесінің басшысы:

- Біздің қызметкерлеріміз үнемі осы құбыр бойын бақылауда ұстап отырады. Қай жерде қазылып жатса, соған келіп, ішкі істер органдарын шақырып, шара қолданамыз. Біздің қызметкерлер барған кезде әрине, қарсылық көрсетеді, үркіту, қорқыту деген болады.

Үркітіп-қорқытқандарына қарамастан бірнеше күдіктіні полиция ұстап, ісі сотта қаралыпты. Бірақ қолданыстағы заң бойынша олардың жазасы айыппұлдан әрі аспайды екен.

Ерлан Ақпаев, «Арал» СКБД филиалының бөлім басшысы:

- Бәрі тоқтатылсын деп шешім шыққанымен, бүгінге дейін әлі қазу, ұрлау жұмыстары жүріп жатыр. Арал ауданы полиция органдарына да берілді. Адамдарын алып кетеді, бірақ бір күннен кейін босатады. Көне желі болғаннан кейін, 10 айлықтық есептік көрсеткішке дейін іс қозғалмайды деп, тек айыппұлмен құтылады.

«Құбыр ұрлаушыларға қарсы күресте құзырлы органдар қатаңдық танытпаса, Үкіметтің жоспары бойынша 2023 жылға дейін халықты ауызсумен 100% қамтамасыз ету үдесінен Сыр өңірі шыға алмай қалуы мүмкін», – дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев