Хабар телеарнасы

Алматыдағы селді алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзенінде су тасыды. Сел қаупі туралы таңғы сағат 06:00-де хабарланды. Тұрғындар тез арада құлақтандырылып, оқиға орнына барлық құтқару қызметі жұмылдырылды.

Қарғалы өзеніндегі судың қарқын алуына себеп болған тауда орналасқан көлдегі су деңгейінің 5 метрге төмендеуі. Таңертеңнен оқиға орнына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев келіп, қажет жағдайда барлық шұғыл қызмет дайын тұрғанын айтты.

Сәбира Байбұлақова, қала тұрғыны:

- «Үйден шығыңыздар!» деп бәрімізге хабарлады. Далаға шығып, киім, құжаттарымызды алып жүгірдік.

Қарғалы өзенінің сағасы секундына 20 текше метр суды еркін жібере алады. Биыл жазда күн ыстық болғандықтан, мұздықтар еріп, су деңгейі көтерілген.

Алмас Сәдуақас, тілші:

- Осыдан 5 жыл бұрын дәл осы Қарғалы өзеніндегі су арнасынан тасып, тасқын болып, жүздеген үйдің ауласын су басқан еді. Ал бұл жолы ондай апаттың беті қайтқаны қуантады. Күндіз тасыған су бірте-бірте баяулап, саябырсып, су деңгейі 40-50 см төмендеді.

Дегенмен сақтықта қорлық жоқ. Дабыл қағысымен төтеншеліктер дереу апатты алдын алу жұмыстарына кірісті. Сел жүру қаупі бар деген ауылдарды газ, ауызсу және электр жарығынан уақытша ажыратты. Үш эвакуациялық пункт белгіленді. Бірақ көп ұзамай ол пунктілердің қажеті болмады. Өйткені көп ұзамай қалалық ТЖД өкілдері жағдайдың тұрақталғанын хабарлады.

Ерлан Әлібеков, Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

- Ешқандай қауіп жоқ. Қазіргі кезде судың мөлшері 4,86 текше метрді құрап отыр. Бұл қазір Қарғалы платинасынан транзитті түрде өтіп жатыр. 2015 жылы болған сел Қарғалыдан төмен қарай өзеннің маңайы дұрыстап бекітілмегенінен болатын. Қазіргі кезде ол жұмыстар толығымен жасалды. Қарғалы платинасынан төмен қарай бетоннан арнайы канал салынған. Оның су өткізетін күштілігі 20 текше метрді құрайды.

Жалпы селдің алдын алу жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп, таудағы көлдерде жиналған су уақытылы ағызылып тұрады. Ал бірінші көлден бұған дейін 1,6 млн текше метр су шығарылған. Елдің қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан бұл аймақ қазір әуеден бақыланып, құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен коммуналдық қызмет өкілдері кезекшілік атқарады. Қажетті техника сақадай сай. Ауласын су алып, зардап шеккен ешкім жоқ.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев, Эдуард Кон