Хабар телеарнасы

Еліміздің кейбір өңірлеріне оқулықтар әлі жеткізілмеген

Кейбір өңірлерге оқулықтар әлі жеткізілмеген. Ал жеткізілген 40% оқулықтың кейбірінде қате кеткен. Десе де баспаханаға өткізіліп қойған. «Оқулықтарды сараптау жүйесін өзгертіп, білікті мамандарды жинап, қате кеткен оқулықтарды баспаның өз қаржысына қайта басуға міндеттеу керек», – дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Өңірлердің кейбірінде оқушыларды тасымалдайтын автобустар да тапшы. Асқар Мамин осы олқылықтардың орнын толтырумен қатар күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептерді 1 қыркүйектен қалдырмай қолданысқа беруді тапсырды. Үкімет басшысы әкімдерге осындай міндет жүктеді. Одан бөлек көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларды тегін тамақтандыру мәселесін де дереу шешу керектігін айтты. Оқу жүйесіне тікелей жауапты министрдің есебінше, биыл елімізде мектептерде білім алатын оқушылардың саны 3 млн-нан асады. Олардың 405 мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Бұл былтырғыдан 20 мыңға көп. Сондай-ақ Білім және ғылым министрінің айтуынша, алдағы оқу жылына дайындық жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Биыл 323 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жалпы қажеттіліктің 45% ғана құрап отыр. 10 тамыздың мәліметіне сүйенетін болсақ, жалпы күрделі жөндеу 129 мектепте аяқталды. 194 мектепте жалғасуда. Ақмола, Алматы, Атырау облыстарында жөндеу жұмыстарын аяқтамау қаупі болған. Бұл мектептер 1 қыркүйекке дейін аяқтайды деп есептейміз.